Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футзалдан әлем чемпионатындағы жеңістен кейін ұлттық құраманың бас бапкері Кака пікір білдірді.
Оның айтуынша, құрама ойыншылары жеңіске әбден лайық.
Егер сенің командаңда мұндай футболшылар болса, кез келген адам бапкер бола алады. Бұл толықтай жігіттердің еңбегі. Ел олардың ісін, жеңісті мақтан тұту керек деп ойлаймын. Бұл тамаша. Мен қазақ болғанда, мұндай ойыншылармен мақтанар едім. Олар нағыз қаһармандар, - дейді матчтан кейін бас бапкер.Сонымен қатар құрама капитаны Игита матч кезінде қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдірді.
Біз жартылай финалға шықтық. Яғни, әлемнің ең үздік төрт командасының қатарына қосылдық. Өте қуаныштымын. Эмоциямды жеткізе алмаймын. Қолдау танытқан қазақ еліне алғыс айтамын. Енді осы жерден тоқтап қалмауымыз қажет. Ары қарай да отандық футзал тарихын жаңарта аламыз. Алға, Қазақстан, - деді құрама капитаны Леонардо Игита.Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) өз твиттерінде футзалдан әлем чемпионатының ширек финалындағы Қазақстан құрамасының ойнына тәнті болды.
Сіздің командаңыз 2 гол өткізіп алды ма? Мәселе жоқ! Қазақстан Иранды ұтып, тарихта тұңғыш рет футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалына шықты,-деп жазды ФИФА твиттерде.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы енді Португалиямен жолығады. Соңғысы ширек финалда Испания командасымен кездесіп, 4:2 есебімен жеңді. Алда финалдың жолдамасын сарапқа салады. Бұл матч 30-шы қыркүйекте өтеді. Оған паралель финалдың екінші жолдамасына Бразилия мен Аргентина таласады. Әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 3 қазан белгілі болады.
Айта кетейік, Каканың шәкірттері ширек финалда Иранмен жолығып, 3:2 есебімен басым түсті.