Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кадрлық резерв мемлекеттік қызметке жаңа буынның келуін қамтамасыз етеді, деді Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Олжас Сәкенов.
Қазіргі кезде BTS-Education компаниясында жұмыс істеп жатырмын. Алғашында айтқан жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезеңінде онлайн білімге деген қажеттілік пен сұраныс өсті. Қазір жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру санатына көштік. Оның ішінде EduNavigator, EdMarket, Jumys Bar сияқты жобалар бар. Мысалы, Jumys Bar платформасы сізге қазіргі уақытта сұранысқа ие дағдыларды үйренуге комектеседі. Оның аясында мобильдік қосымшаларды, программалауды уйрететiн бірнеше курс бар. SMM курсы да оқытылады. Сондай-ақ, ағылшын тілін меңгерген адамдарға, мұғалімдерге онлайн құралдарды пайдалануды, ағылшын тілін қалай дұрыс үйретуді оқытатын Jumys Bar Teach English деген курс бар, - дейді Олжас Сәкенов.
Резервші айтқандай, "Жаңа мамандықтардың атласы" бойынша да іс-шаралар атқарылып жатыр.
Өздеріңіз білесіз, Президенттік кадрлық резервтің 150 мүшесі лауазымды қызметке орналасты. Оның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек өтілі бар азаматтар бір-екі сатыға жоғары лауазымдарға ие болды. Қалған жастар да өзге жоспарларды қарастырып жатыр деп ойлаймын. Маған да бірқатар ұсыныс түсті. Алайда қазіргі мақсатым - айтып өткен жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, аяғына дейін жеткізу. Ұсыныстарды содан кейін қарастырамын, - дейді ол.
Оның айтуынша, Президент те бұл туралы айтты. Пандемия мемлекеттік қызметте көптеген реформалар жасауды қажет етіп отыр.
Пандемия мен карантин көп өзгеріс әкелді. Біз тосын оқиғаларға дайын емес екенбіз. Қағазбастылық, жемқорлық деректері ашылды. Мемлекеттік қызметке жаңа буын келуі керек, ал кадрлық резерв жаңаша ойлайтын, дарынды жастардың келуіне өз септігін тигізеді, - деді Сәкенов.
Сондай-ақ, ол білім беру мен еңбек нарығына қатысты пікірін айтты.
Пандемия салдары экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, экономикалық ахуалдың нашарлауына әкеліп соғады деген болжам бар. Осындай күрделі кезеңде жұмыс істей алатын жастарды, кез келген азаматты нарықта сұранысқа ие дағдыға үйрету өте маңызды. Осы бағыт бойынша да жұмысты дамытып жатырмыз. Жұмыссыз қалған немесе онлайн форматта жұмыс істей алмайтын адамдарды онлайн жұмыс істеуге, жаңа кәсіпке оқытып, үйретуге өз үлесімізді қосамыз, - деді ол.
Сәкенов індеттің салдары бизнес саласына да әсер еткенін айтты.
Өнер, туризм салалары, ойын-сауық орталықтары, мейрамханалардың жұмысы бәсеңдеп, осы салаларда жұмыс істейтін мамандар жұмыссыз қалды. Осы адамдарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандыққа үйрету керек. Біз өз тарапымыздан онлайн курстар, тілді үйрету, онлайн құралдарды пайдалану арқылы күнделікті өмірге жететін табыс табу, сол арқылы өмір сүру сапасын арттыруға көмек көрсетуге тырысамыз, - деп түйіндеді Сәкенов.