Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Nomad City Hall театрына «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі берілді.
Әзірбайжан Мәмбетов - Қазақстанның «Халық қаһарманы», КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығының иегері. Атақты режиссер 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алған. Сол соққы үлкен дертке айналып, 2009 жылы 18 қарашада дүниеден өтті. Ол сахналаған «Қан мен тер», «Ана - Жер Ана», «Көктөбедегі кездесу», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Адасқан құс», «Абай», «Қобыланды» сияқты спектакльдері көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болған.
Айта кетейік, «Nomad City Hall» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылдың 1 қарашасында ресми түрде ашылған. Құрамына "Астана" комедия театры, "Назар аудар" театры, "Әзіл әлемі" театры кіретін «Nomad City Hall» МКҚК-нің директоры әрі көркемдік жетекшісі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатов.
Бүгін театрда режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Жас Абай» спектаклінің премьерасы болады.