Қазақстан триатлон федерациясының басшысы ауысты

3 Ақпан 2020, 16:29
1871
Бөлісу:
Қазақстан триатлон федерациясының басшысы ауысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев университетінде Қазақстан триатлон федерациясының (ҚТФ) жыл сайынғы конгресі өтті. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады. 


Конгрес федерация президенті Кәрім Мәсімовтің төрағалымен өтті. Жиынға ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлова, мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, бақылаушы кеңес төрағасы - ERG тобының бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев және т. б. қонақтар қатысты. 

Өкілеттілік мерзімінің аяқталуына байланысты Конгресс мүшелері жаңа президентті және бірінші вице-президентті ашық дауыс беру жолымен сайлады. Жиынға қатысушылар Алдияр Қазтаевты бір ауыздан ҚТФ жаңа президенті етіп сайлады. Сөйтіп, Кәрім Мәсімов өз орнын босатып берді. Дегенмен, Кәрім Қажымқанұлы ҚТФ құрметті президенті ретінде қалмақ. Сондай-ақ Орта Азия триатлон  қауымдастығының (САТА) президенті және Almaty Triathlon Federation басшысы Ғалымжан Есенов ҚТФ бірінші вице-президенті болып сайланды.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімов ҚР триатлон федерациясының президенті болып 2016 жылы сайланған еді. Оның басшылығымен қазақстандық триатлон жоспарлы әрі кешенді даму жолынан өтті. Дәлірек айтқанда, ұйымның нормативті-құқықтық базасы жетілдірілді, федерацияның жұмысын басқаратын профильді комитеттер құрылды, басты халықаралық триатлон ұйымдарымен (ITU, ASTC, Ironman (WTC)) жақсы қарым-қатынас орнатылды, ел аймақтарында аккредиттелген федерациялар, олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектептерінде триатлон бөлімшелері мен секциялары ашылды, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ITU, ASTC, Ironman бірлескен ауқымды халықаралық сайыстар өткізілді, еліміздің барлық дерлік аймақтарында республикалық деңгейдегі сайыстар ұйымдастырылды, үлкен халықаралық додаларда ұлттық құрама мүшелері жақсы нәтижелер көрсетті, және де әдестемелік құжаттар шығарылып, білікті бапкерлер тәрбиелеу ісінде де біршама жетістіктерге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, әуесқойлық триатлонның дамуына үлкен серпіліс берген "TEMIRADAM" Кубогі құрылды. К. Мәсімовтің басшылығы кезіндегі федерацияның басты жетістіктері ретінде ҚТФ өкілдерінің Азиялық триатлон конфедерациясының (ASTC) Атқарушы кеңесіне және профильді комитеттеріне дауыс беру құқығымен сайланып енгендігін, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан және Қазақстан секілді бес елдің ұлттық федерацияларын біріктірген Орталықазиялық триатлон қауымдастығының (САТА) құрылуын атауға болады.
Бүгінгі таңда қазақстандық триатлон өз даму жолында үлкен серпіліс жасады. Федерация айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл бірлесе атқарған жұмыс пен дана басшылықтың арқасында екендігін сенімді түрде айтуға болады. Ұлттық федерацияның басқару үлкен абырой әрі жауапкершілік. Біздің триатлонға жүйелі әрі кешенді өсім қамтамасыз ете отырып, қалыптасқан дәстүрді сақтау керек. Бұл үшін барлық күшімді жұмсауға ниеттімін, - деді Алдияр Қазтаев.


Өзгелердің жаңалығы