Көпбалалы отбасылар мәселесі: Екі аптадан кейін ұсыныстар жарияланады

7 Ақпан 2019, 13:34
4037
Бөлісу:
Көпбалалы отбасылар мәселесі: Екі аптадан кейін ұсыныстар жарияланады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін сенатор Сәрсенбай Еңсегенов елімізде жастар санының азайып кету мәселесін және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету проблемасын көтерді.


Жастар саясаты жөніндегі дөңгелек үстелде Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов 2016, 2017, 2018 жылғы республикадағы жастардың саны жөнінде дерек ұсынды.

«Жылдан жылға елдегі жастардың саны азайып келеді. Бұның қандай себебі бар? Бұл біздің елімізден кетіп жатқан жастардың санымен байланысты ма, жоқ әлде басқа себебі бар ма?», - деді Еңсегенов.

Сондай-ақ, депутат Еуропада көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жақсы көмек көрсетілетінін айтып, елімізде қандай көмек қарастырылып жатқанын сұрады. 

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев жастардың азаюын «90-шы жылдары бала туу көрсеткіші төмен болды» деп түсіндірді. 

«Соған байланысты қазір жастардың саны да азайып тұр. Бірақ, 2008 жылғы көрсеткіш бойынша бала туу артып, енді алдағы бес жылда жастардың саны көбейеді деп күтіп отырмыз. Негізі, бұл демографиялық мәселе», - деп жауап берді Кәлетаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев көпбалалы отбасыларға көмек көрсету мәселесіне қатысты жауап берді.

«Өздеріңізге мәлім, қазір Үкіметте вице-премьер Досаевтың жанынан жұмыс тобы құрылды. Ол көпбалалы отбасыларға қандай көмек көрсетіледі, қандай бағдарлама болады, осының барлығын екі аптаның ішінде қарастырады. Екі аптадан кейін сол ұсыныстардың барлығы жарияланады», - деді Әлтаев.

Атап өтсек, Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстел өтті. 

Шараға қоғамдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің, Астана және Алматы қалаларының, бірқатар облыстардың басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Шара барысында Жастар жылының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың көтерген бастамаларының жобаларын іске асыру мәселелері қаралды. Пікірсайыс жастардың жұмысқа орналасуы мен тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жеткіншек ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі секілді өзекті мәселелерге арналды. Әзірленген ұсыныстар жастар мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталмақ.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы