Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Жаңаөзен қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығында болды.
Онда ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындалуы туралы айтты және жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартудың маңыздылығын атап өтті.
Министр өңірдегі бағдарламасын Жаңаөзендегі халықты жұмыспен қамту орталығына барудан бастады, онда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен кездесті. Мемлекет тарапынан қаржылық көмек алып, өз ісін белсенді дамыта бастаған жаңаөзендіктермен әңгімелескен Біржан Нұрымбетов олардың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланудың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Жаңа бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін көпбалалы отбасылардың жобаларына микрокредит беру мерзімі 7 жылға дейін созылады. Қарыздарды төлеу кезінде қаржылық жүктемені азайту үшін мұндай жобалар бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспайды. Жеткілікті кепілді мүлігі жоқ табысы аз көпбалалы отбасылар үшін микрокредиттерге кепілдік беру тетіктері таратылатын болады, – деді Біржан Нұрымбетов.
Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерімен әңгіме соңында Министр оларды "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына жұмыссыздарды белсенді тартуға шақырды.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Біржан Нұрымбетов Жаңаөзендегі "Жанарыс" тігін фабрикасына барды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Біржан Нұрымбетов ҚР президентінің Қазақстан халқына Жолдауын Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында түсіндірді.