Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері Олег Линник пен Раиса Сафоничева өз өмірлерінен сыр шертіп, баршаға ашық аспан тіледі.
«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел. Сіздердің еңбектеріңізді, ерліктеріңізді жоғары бағалаймыз, өзіңізді Отанымызды қорғауға арнадыңыз. Сіздерге алғысымыз шексіз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болып, дендеріңіз сау болсын. Келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің мерейтойын тойлаймыз. Мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз», - деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ Алтай Көлгінов Социалистік еңбек ері Сағила Есенжолованы мерекемен құттықтады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Олег Линник пен Раиса Сафоничеваға «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетуде.
Орталықта қарт адамдар электротерапия, жылу беру қызметтерін алады. Сонымен қатар орталықта ЕДШ, магнитотерапия кабинеттері, мұражай, кинозал, оранжерея және кітапхана бар. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мерекеге орай орталыққа кір жуу машиналарын сыйға тартты.