Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «КМК Мұнай» АҚ мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС ұңғымаларына тексеру жүргізіліп, жерасты суының ластанғаны белгілі болды, деп хабарлады Aktobenews.kz.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі «Көкжиде» жерасты суына қатысты жан-жақты ақпарат таратты. Сонымен қатар облыстық экология департаментінің тексеру қорытындылары жарияланды. Департамент «КМК Мұнай» АҚ мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-іне қатысты профилактикалық бақылау жүргізген. Нәтижесінде «Көкжиде» құмдарының жерасты суында мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның арту деректері анықталды.
«КМК Мұнай» АҚ-ның келісімшарттық жерлеріндегі төрт бақылау ұңғымасында 1,3 ШРК-дан 8 ШРК-ға дейін артқаны, «Фирма Ада Ойл» ЖШС-інде екі бақылау ұңғымасы бойынша 1,66 ШРК-дан 1,82 ШРК-ға дейін өскені белгілі болды.
«Судың мұнаймен ластанғаны белгілі болды. Біз енді судың ластануы ұңғыма жұмыстары кезінде немесе табиғи жолмен ластанғанын нақты білуіміз керек. Егер мұнай компанияларының кінәсі дәлелденсе, шара қолданылады», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.