Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда бұдан былай жер телімін алуға кезекке тұрудың электронды жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында мәлімдеді.
Облыс орталығында үй салу үшін жер телімін сұрап өтініш бергендер көп. Ендігі жерде кезектің жылжымай жатқанын айтып алаңдаған тұрғындар тілегі басты назарда ұсталмақ.
«Жер телімін беруді жүйеледік. Красноярға барар жолдағы, «автогородок» сыртындағы қыратқа қарай үйлер ретсіз салынған. Енді жол салуда үлкен қиындықтар туындауда. Сондай, келеңсіз мәселелер туындамас үшін «Шанхай» мен Бірлік арасынан тұрғындарға кезекпен беру үшін жер дайындадық. Ол үшін алдымен коммуникация, су, жылу, электр желілері тартылады. Түзу көшелер белгіленеді. Тізім қайта тексеріліп, шығып қалған, көшіп кеткен адамдардың бар-жоғы тексеріліп, ревизия жүрді, сараланды. Бұдан былай жер телімі электронды кезекпен беріледі. Барлығы жариялы түрде, компьютер арқылы біліп отыруға қолайлы болады»,- деді қала басшысы.
Облыс орталығының сыртқы келбетіне басты назар аударылуда. Қалада жаңа салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында көпшілік-демалыс орындары, бақтар, жол салу мәселесі қашан шешілетіні айтылды.
««Сарыарқа» шағын ауданы әлі толық салынып біткен жоқ. Жаңадан құрылысы басталған үйлері бар жерлерге әзір асфальт жол салу жөн емес. Өйткені, ол құрылыстарға ауыр техника, жүк машиналары қатынайды. Жолды бұзады. Одан гөрі құрылысты бітіріп алып сапалы жол салғанымыз абзал. Ал, бақ, аллея, басқа да тұрғындарға қолайлы жағдайлар жоспарланған, кезең-кезеңімен салына береді», - деді Е.Маржықпаев.
Соңғы жылдары қаланың шеткі аудандарын да абаттандыруға жіті көңіл бөлініп отыр.
«Шынында, орталық, шет дейтіні жоқ, бәрі де өз қаламыз. Дегенмен, қазіргідей қамқорлық ешқашан болған жоқ. Айталық, Застанционныйда жастар алаңы, сквер салынды, екі аулаға балалар алаңы жасалды, көшелеріне жарық тартылды, асфальт төселді, мәдениет ошағы салынатын болды. Красный ярда, тағы басқа шеткі көшелерде де солай. Бәрі жоспарлы түрде, жүйелі түрде жасалуда. Енді Элеватор маңайындағы үй аулаларына кезек келеді», - деді әкім.
Қалада көп қабатты тұрғын үйлер, ғимараттар көптеп салынуда. Қопа көлінің маңайын жаңғырту – қолға алынған ірі жобалардың бірі екенін атады шаһар басшысы.
«Елбасы тапсырмасы – Ақкөлден кейінгі «ақылды қала» Көкшетау болуы керек. Көкшетауды айнала «көгілдір белдеу» Зеренді жақтан басталып, әрі жалғасады. Қопаның айналасын жаңғырту соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ірі жобалардың бірі. Көл жағасындағы жер үйлер алынады. 12 шақырымдық көл жағасындағы жол, тротуарлар, веложолдар салынады. Тұрғындарғы қажет, қолайлылы көптеген нысандар ашылады. Арнайы жоспар бар. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Мектептерге қосымша ғимараттар салуға қанағаттану жөнсіз. Өткен жылы тапсырылған IT мектебі сияқты арнайы мектептер қажет. Қаламызға спорт сарайы керек. Онда тек балалар ғана емес, ересектер де барып жаттыға алатындай жағдай туындауы тиіс. Қала тұрғындары тек сауда үшін емес, кино көріп, отбасымен дем алып, көңілді уақыт өткізетін дәмхана, тағы басқа қызмет көрсететін бүгінгі талапқа сай, әлемдік деңгейдегі жақсы орындарды көбейту жоспарда бар», - деді Е.Маржықпаев.