Көкшетауда «Жастар театры» ашылады

13 Ақпан 2019, 10:57
3078
Бөлісу:
Көкшетауда «Жастар театры» ашылады

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Биыл Көкшетауда «Жастар театры» ашылады. Оның актерлері – Ақан сері атындағы жоғары мəдениет колледжінің студенттері. Өнер ұжымы жақын арада көкшелік көрермендерге алғашқы қойылымын ұсынбақшы.

Болашақ жастар театрының көркемдік жетекшісі міндеті жүктелген режиссер Фархадбек Қанафиннің пікірінше, өңірде студент-жастар мен оқушыларға арнайы қойылым дайындайтын театр болғаны дұрыс.

«Былтыр өңірдегі өнер, мəдениет саласында еңбек етіп жүрген ұлтжанды, жанашыр қыз-жігіттер облыстық ішкі саясат басқармасына 2019 жылғы Жастар жылына өтініш-ұсыныстарымызды жолдаған болатынбыз. Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мəдениет колледжінің оқытушысы Хакім Хасанбай Жастар жылында Жастар театрын ашу туралы бастама көтерді. Облыстық ішкі саясат басқармасы, Көкшетаудағы «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері тікелей қолдау көрсетті. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығы көмек қолын ұсынып, дайындыққа өз ғимараттарының акт залын берді. Қазір сол жерде дайындық жүргізілуде», - дейді Фархадбек Қанафин.

Режиссер алғашқы тырнақалды қойылым ретінде Ангиза Ешпудина есімді башқұрт драматургының «Асыл арман» пьесасын автордың келісімімен қазақ тіліне аударған.

«2016 жылы Башқұртстанға режиссерлық-лаборатория негізінде тəжірибе алмасуға барған болатынмын. Сонда Башқұрттың Мажин карата театрында осы қойылым жүріп жатты. Бұл спектакль – жетім балалардың тағдыры жайлы. Анығырақ айтқанда, автордың өзі балалар үйінде өскен. Шындықпен бетпе-бет келеді. Осы қойылымды көргеннен кейін тың тақырып ретінде осы туындыны таңдадым. Оның үстіне жастар театры болғаннан кейін театр саясаты жасөспірімдер тақырыбына біртабан жақын болуы керек деп ойлаймын. Қойылымда ойнайтын жас актерлар Ақан сері атындағы жоғары мəдениет колледжінің театр бөлімінің 3-4-курстарының студенттері. Дайындықты бастап кеттік. Премьера жақын күндері көрермендер назарына ұсынылатын болады», - дейді Ф.Қанафин.

Қойылымды сахналау үшін декорация, костюмдермен қамтуға облыстық ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетіп отыр.

«Жастар театрының ашылуы астаналық облыстың мəдени өміріндегі үлкен жаңалықтардың бірі боларына сенім мол. Біздің қазіргі уақыттағы ең басты мақсатымыз – қойылымды сəтті алып шығу. Спектакльді тамашалауға автор өзі де келетінін хабарлады. Ендігі жерде тек мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алда да екі-үш қойылымды сахналау жоспарымызда бар. Жастар театры болғаннан кейін туындыларымыз мектеп оқушылары мен студент жастарға ғана арналатын болады», - дейді режиссер.

Әсем Ұланқызы
Өзгелердің жаңалығы