Көкшетауда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосы сахналанды

25 Сәуір 2019, 13:53
4480
Бөлісу:
Көкшетауда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосы сахналанды
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театры Ғабит Мүсіреповтің аңызға айналған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясын сахналады.

Әрине, бұл трагедияны талай театрдың репертуарынан көргенбіз. Жыр сюжетіне қанықпыз, ойын машығы көз алдымызда. Дегенмен «өнер» атты дүрия дәурен әрқашан жаңа бір әлемге жетелей жөнелмес пе? Бұл жолы не дер? Режиссер соқпағы соны, кесімі айқын дүниені неге таңдады екен? Шымылдық ашылғанша осындай ойлар үстінде болды қалың көрермен.

«Атастырған Баянын жетім балаға бермеймін деп әкесінің досы Қарабай үдере көшкен. Қозыдай талабы таудай текті балаға кім ұстаз? Қаңыраған тау ішінде оған кім үлгі болар? Сөйтсек, анасы екен!. Ерінен ерте айырылып, көрші отырған досы сертінен айнып, Қарабай қарадай табалаған анада не амал?! Ұлына жауына қасқайып тұрып қанжар сілтеуді өзі үйретеді! Бұл шешімнің артында тарау-тарау әңгіме жатқаны тағы белгілі. Жалындаған жалғыз ұлдың сағын сындырмай, жігерін жасымастай етіп өсіру де, қорқақ, қорғаншақ қылмау, намысты, ер мінезді етіп өсіру де, соғыс өнеріне баулу да жалғызбасты ананың иығында. Бүгінгі жалғызбасты ана Қозысын қалай тәрбиелеуде? Бүгінгі жалғыз ананың күш-жігері, ақыл-парасаты оған жетіп жатыр ма? Тағы бір түпсіз ой осылай тереңіне тарта жөнелгендей», - дейді жазушы Серік Жетпісқалиев.

Өнер зерттеушілерінің пікірінше, режиссер Мұратбек Оспанов көне жыр сценарийін жаңғыртып, жаңартып жеткізген, ал кәсіби шыңдалған актерлер рөлдерді қиындықсыз алып шыққан, театрдың ең жас әртістері ғашықтар образын шеберлікпен сомдаған.

«Серікова Әсем тал шыбықтай бұралған, кер маралдай керілген сұлу Баянды да, керек тұста кек алуға даяр, екпіні қатты қайсар да батыр Баянды да келістіріп ойнады. Санжар Ақмағамбетов әкесіз өсіп, атастырған жарын жұмбақтаған жұрттан шындықты біле алмай аңтарылған қайран Қозы бейнесін тәуір-ақ сомдады. Қара ниетті Қарабайды тәжірибесі мол, талай күрделі рөлдердің түйінін көрерменін тамсанта тарқатқан Медет Хамзиннің ойнауы құптарлық. Өйткені, жас шамалары шындық шырайын келтіре түседі. Медеттің Қарабайы малы үшін жалғыз қызын да, жанын да жұлып беруге даяр қарау. Бұған дейінгі көрген Қарабайларымыздан ерекшелігі мұның ішкі күйзелісі, алас ұруы бөлек. Дегеніне жете алмай «аһ» ұруы күшті», - дейді Серік Жетпісқалиев.

Махаббат мәңгілік тақырып болса, әлі талай ұрпақ осынау асыл жырдың әуенінде әлдинеленіп, өзегінен өнеге алып, өрнегіне сүйсінетінін айтады зиялы қауым.

«Екі жастың бірін-бірі аңсап іздеуі, кездесу алдындағы шиеленіс, Қодардың килігуі, Жантықтың зымияндық әрекеттері, Қарабайдың қытымырлығы әсерлі шыққан. Асланбек Шайсұлтанов сомдаған Жантық бейнесі өте күрделі, шындығы мен өтірігі, дұрысы мен бұрысы алма-кезек алға озып, өрекпіген, кімге болмасын жамандық жасау мұратына айналған малғұн. Осындай, бұған дейін талай актер ойнап, әр қилы шығарған жағымсыз Жантықты Аслан жаңаша бір түрде ұсынды. Мың түрленген бейнесі сенімді. Шиыршық ата ойнаған актер шеберлігі тәнті етпей қоймайды. Бұл күндері сайын дала төсінде екі ғашыққа салынған мазар тұр. Қойылым соңында сол мазар ту алыстан қол бұлғап, адал махаббаттың мәңгі өшпейтінін меңзегендей мұнартады. Тартымды қойылымға махаббат машақатын бастан өткеріп жүрген жалын жастарымыз көптеп барар, халқымыздың жақұт жырын қолға алып, тағы бір оқыр, сенім мен сезімнің асыл қадірін ұға түсер деген ойдамыз», - дейді қаламгер Дәулет Оспанов.


Өзгелердің жаңалығы