Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Көкшетауда кәдеге жарайтын қатты тұрмыстық қалдықтар енді ысырап болмайды. Қала шетіндегі полигонда алғаш рет қоқысты сұрыптау қолға алынып отыр.
«Тазалық» ЖШС-нің өндіріс орны жылына 30 мың тонна қоқыс сұрыптауға қауқарлы. Жоба құны – 60 миллион теңге. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен арнайы құралдар сатып алған.
«Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде пластмасса, макулатура, шыны, картон мен қағаз қалдықтарын көмуге тыйым салынады. Осы орайда облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке сұрыптауды бастап отырмыз», – дейді «Тазалық» ЖШС директоры Олег Топорков.
Полигонға қаланың заңды және жеке тұлғаларынан қатты тұрмыстық қалдықтар қабылданады.
«Былтыр 7109 тонна қатты қалдықтар, 1283 тонна құрылыс қалдықтары жиналды. Алдымен қоқыс қалдықтары жиналады, содан кейін сұрыптау аймағына жіберіледі, мұнда макулатура, шыны бұйымдар, металл компоненттер, полиэтилен жеке-жеке топтастырылып, арнайы компанияларға ұсынылады», - дейді Олег Топорков.
Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын 9 пункт жұмыс істеуде. Арнаулы орындарда адамдардан қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды белгілі бір ақыға қабылдайтын қабылдаушы және сұрыптаушы отырады. Мұнда картонның 1 келісі 17 теңгеден, полиэтилен 80 теңгеден, пластик 40 теңгеден, аллюминий 180 теңгеден қабылдануда.
«Қайта өңдеуге жарамды қалдықтар арнайы сыйымдылықтарға жиналады. Бүгінде тұрмыстық қалдықтарын тастар алдында пластик бөтелкелерді сұрыптап, арнайы қабылдау пункттеріне өткізіп жатқан тұрғындар қатары көбеюде. Бұл да бір мәдениеттің түрі емес пе?», – дейді қабылдаушы Сәлім Нұрымов.
Кәсіпкерлер аталмыш жоба қала тазалығын сақтауға көмектеседі деген үмітте. Қабылдау пунктінің арқасында қоқыс олардың әрі қарай өңделуі үшін қағаз және пластикалық қалдықтар болып бөлінеді. Бұл қалалық полигонға артылып отырған салмақты едәуір жеңілдетіп, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Облыста 500-ден аса тұрмыстық қалдық полигондары бар. Оның 30 шақтысы ғана заңдастырылған. Қалғандары талапқа сай емес. Тұрмыстық қалдықтардан топыраққа улы заттар сіңеді. Ал синтетикалық химиялық заттардің шіруі ғасырларға созылады», - дейді эколог Әбілжан Құсайынов.
Қалада тәулігіне 100 тоннадан артық қоқыс тасымалданады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шаһар тұрғындары да өз үлестерін қосуы тиіс.
«Ештеңе өздігінен өзгермейді, қала көркі мен тазалығы үшін көп қаражат жұмсалып, көп еңбек сіңірілді. Ендігі мәселе қала тұрғындарының мәдениетіне келіп тіреліп тұрғандай. Өз басым қоқыс қалдықтарын қабылдау ақылы болғанын қолдаймын. Әр адамның қала тазалығына жұмыс жасауға мүмкіндігі бар», – дейді қала тұрғыны Ерден Елемесов.
Әсем Ұланқызы
Фото: автор