Көкшетауда көпбалалы аналарды қолдау жобасы қолға алынады

14 Ақпан 2019, 13:48
2546
Бөлісу:
Көкшетауда көпбалалы аналарды қолдау жобасы қолға алынады

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Көкшетауда көпбалалы аналарды қолдау бойынша жаңа жобалар қолға алынбақшы. Бұл туралы Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен өткен жиында айтылды.

Азаматтардың тұрмыс жағдайын білу мақсатында қала әкімдігі жанынан мобильді топ құрылды. Қазіргі уақытта жауапты мамандармен көпбалалы отбасыларға қатысты мәліметтер жинақталуда. Облыс орталығындағы жағдайы төмен отбасылар тұратын мекенжайлар тексерілуде.

«Қалада 20-дан аса жатақхана бар. Олардың барлығы бақылауда тұр. Краснояр селосы, Станционный кенті мен Нұрлы көште, гараждарда, барак үйлер, уақытша баспаналарда тұрып жатқан көпбалалы отбасылардың есебін нақтылау жұмыстары басталды. Қала әкімінің бастамасымен көп балалы аналарды қолдау мақсатында жаңа жоба қолға алынбақшы. Биыл наурыз айынан бастап «Күміс алқа» иегерлеріне қалалық бюджеттен 50 мың теңге, «Алтын алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға 100 мың теңге бірреттік жәрдемақы тағайындалғалы отыр. «Жақсылық жаса!» акциясы аясында қала кәсіпкерлері тұрмысы нашар көпбалалы отбасыларға азық-түлік, отын-көмірмен көмектесуде. Науан хазірет атындағы орталық мешіт жанындағы «Зекет» қоры қолға алған «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы да табысты жүзеге асырылуда. Жеке кәсібін ашуға ниет білдіргендерге «Бизнес бастау» жобасы бойынша 100 АЕК грант ұтып алуға мүмкіндік мол. Бағдарлама аясында жаңа мамандықтарға оқуға болады», - дейді Алтынай Әміренова.

Мамандардың айтуынша, аз қамтылған отбасылардың көбі мемлекеттен берілетін көмек түрлерін білмейді. Осы орайда тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса мән берілуі тиіс. Жекеменшік фирмаларда жұмыс істейтін әйелдер көп жағдайда табысын көрсетпейтіндіктен, түсетін кіріс мөлшерін анықтау қиынға соғады.

«Қалада тіркеуде тұрып, өздері басқа қалада жұмыс істеп жатқан адамдар да бар. Бұл мәселені анықтау үшін көші-қон полициясымен бірлесіп жұмыс жүргізілмек. Бірнеше некеде болған азаматшалар балаларына алимент алмайтындықтан, нақты анықтама болмағасын материалдық көмек тағайындау қиын. Біз тек заң аясында ғана жұмыс жүргіземіз. Нақты көмекке зәру адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі», - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов.

Ол өз сөзінде баспана сұрағандардың барлығын үймен қамту мүмкін еместігін, қалада аз қамтылған отбасылар үшін жатақхана салу қажеттігін алға тартты.

«Қаладағы жалғыз орталық мұндай отбасыларды уақытша баспанамен қамтуда аздық етіп отыр. Мұнда тұрмысы нашар отбасыларға алты айға дейін ғана тұруға рұқсат етіледі», - дейді Қали Ахметов.

Айта кетелік, Көкшетауда 1449 «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері бар. Бұл отбасыларда 899 бала тәрбиеленуде.

Әсем Ұланқызы

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы