Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде тапшы дәрі-дәрмектер облыс орталығының дәріханаларына түсе бастады. Бұған арнайы құрылған мобильді мониторингтік топ өкілдері куә болды.
Қалалық әкімдіктің мобильдік тобы мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің өкілдері дәріханаларға рейд жүргізеді. Соңғы үш күнде облыс орталығындағы "Реймер" ЖК, "Көкше-Вита", "Нордфарм" дәріхана желілерінде аса сұранысқа ие 41 препарат атауы тексерілді.
Бір кездері дәріхана сөрелерінен парацетомол, аспирин және басқа да дәрі-дәрмектердің жоғалып кеткені белгілі. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталуда, дегенмен бақылау тоқтаған жоқ. Біз мұндағы дәрілер мен олардың бағасына үнемі тексеріс жүргіземіз. Дәрі жетіспеушілігі қаланың шеткі көшелеріндегі шағын дәріханаларда байқалуда. Ал орталықта қажетті антибиотиктер, қызу түсіретін, вирусқа, жөтелге қарсы препараттар жеткілікті. Сондай-ақ қажетті дәрілердің бар-жоғын білу үшін сайттардың жұмысы да жолға қойылды, - дейді облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Облыстың елді мекендерінде жұмыс істейтін 352 дәріхананың 107-і облыс орталығында орналасқан. Көкшетаудағы дәріханаларға дәрі-дәрмектерді Қарағанды қаласындағы "Аманат" және "Арша" дәріханалық қоймаларының филиалдары жеткізеді.
Облысқа медициналық препараттар Мәскеуден келетін арнайы рейстер арқылы, ал 15 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы "Іңкәр" көтерме дәріханалық қоймасы Көкшетау мен облыстың басқа да елді мекендеріндегі дәріхана желісі менеджерлері мен жеке кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша жеткізілуде. "DariKz" тегін мобильді қосымшасы арқылы да да қажетті препараттарды табуға болады. Сондай-ақ пайдаланушы оларды қолдану тәртібі, сертификат, өндіруші туралы ақпарат, тіркеу куәлігінің нөмірі, аналог дәрілер, олардың бағалары жайлы да ақпарат ала алады, - дейді бас санитар дәрігер.Қаладағы "Пульс" ірі дәріхана желісінде провизор дене қызуын түсіретін "ибуфеннің" балаларға және ересектерге арналған түрінің, «Антигриппин», құрамында парацетамолы бар "Терафлю" және "Анаферон", "Ацикловир" сияқты препараттардың барын айтады. Мұнда 60 теңге тұратын аспирин мен парацетамол жақын күндері түсуі тиіс. Юбилейный шағын ауданындағы "Арша" дәріханасында да препараттарды жеткізуде мәселе жоқ, баға да тұрақты.
Аспирин, цитрамон, нафозолин сияқты қажетті дәрілерді сатып алдым. Парацетамол болмағандықтан, оның орнына аналог ретінде антигриппинді ұсынды, - дейді "Анелия" дәріханасына келуші Нұргүл Бәкірова.
Дәріханаларға вирусқа қарсы препараттардың түрлері әлі де аз мөлшерде жеткізілуде. Құрамында парацетамолы бар Эффералган, Панадол, ацетилсалицил қышқылы бар Ибупрофен, Аминофиллин, азитромицин, амосициллин тобындағы антибиотиктер сияқты препараттар сатылуда.
Фармацевт Ольга Семухина парацетамол аз мөлшерде түсетіндіктен, көпшілік талап әкетететінін айтады.
Басқа да дене қызуын түсіретін препараттармен салыстарғанда парацетамол таблеткалары арзан әрі сұранысқа ие құрал болып отыр. Тапшы препараттар әр адамға екі қораптан ғана берілетіндіктен, дәрілерді көтерме сатып алу фактілері жоқ. Провизорлар әр филиалда қандай дәрілердің бар-жоғын айтып береді. Препараттар бағасын интернет арқылы тексеруге болады, - дейді ол.
Айнагүл Мусинаның айтуынша, көп мәселе фармацевтердің жұмысына да қатысты туындап отыр. Олар дәрілерді тек рецепт бойынша беріп қана қоймай, олардың балама түрлерін де ұсынып, препараттың құрамы мен әсерін түсіндіре білуі тиіс. Тауарлар сапасы мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің мамандары сақталу мерзімі шектеулі болғандықтан, медикаменттерді көптеп сатып алмауға кеңес береді.
Дәріханаларда дәрілердің барлық түрі жеткілікті болмағанымен, ауырған жағдайда қажеттілерін сатып алуға болады. Алайда олардың сақталу мерзімі шектеулі болғандықтан, үйде уақыты өткенше ұстауға болмайды. Дәрілерді көптеп сатып алып қолдан дәрі тапшылығын тудырудың қажеті жоқ. Бұл препараттардың шын мұқтаж жандарға аса қажет екенін ұмытпайық! - дейді Айнагүл Мусина