Jusan-ның шетелдерге шығарған активтері елге қайтарылады

16 Ақпан 2023, 10:52
834
Бөлісу:
Jusan-ның шетелдерге шығарған активтері елге қайтарылады
Фото: Хабар24

Бұл туралы  Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады.

2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында  талдау жүргізді. 

Талдау барысында "Jusan" тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі "Pioneer Capital Invest" ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған, –делінген Бас прокуратура хабарламасында. 

Осындай әрекеттер салдарынан қоғам мүддесіне, соның ішінде "Назарбаев Университеті" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төнген. Өйткені бұл оқу орындары "Jusan" тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері есебінен қаржыландырылып келген.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан "Жусан" тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы "Назарбаев қорының" арызы келіп түсті. Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, "Jusan" тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады, – деп қосты ведомство өкілдері.

Аталған талап арыз Jusan Bank-тің жұмысына қатысты емес, яғни оның қазіргі қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады. 

Өзгелердің жаңалығы