Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. JUNIOR EUROVISION халықаралық ән байқауы Ұлттық іріктеуінің қазылар алқасы финалға өту үшін бақ сынасатын 30 қатысушыны анықтайды. Онлайн-дауыс беру jevision.khabar.kz сайтында өтеді.
Еске сала кетейік, Ұлттық іріктеудің бірінші кезеңі 29 қыркүйектен 6 қазанға дейін жалғасты. Қазақстанның барлық өңірлерінен барлығы 819 өтінім келіп түсті.
Келесі кезеңге өткен 30 қатысушының тізімі jevision.khabar.kz сайтында жарияланады. Онлайн-дауыс беру бүгін 00.00-де басталып, 12 қазанға дейін жалғасады.
JUNIOR EUROVISION Ұлттық іріктеуі қазылар алқасының тізімі белгілі болды. Олар:
Сазгер, музыканы көркемдеуші, екі рет «Балалар Евровидениесінде» 2 орынға ие болған әндердің авторы, «Қазақстан дауысы-2021» жобасының музыкалық продюсері - Хамит Шаңғалиев;
Қазақстанның эстрада әншісі, «Жас Қанат» жастар байқауының жеңімпазы (1999 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Мәдина Сәдуақасова;
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Паланга-2019» халықаралық байқауының жеңімпазы, «Славян базары-2020» халықаралық байқауының 3 орын иегері - Бексұлтан Кенішқалиев;
Әнші, жыл сайынғы «Бақытты бала» фестивалін ұйымдастырушы «DimashАli» продюсерлік орталығының директоры - Қанат Айтбаев;
Продюсер, сазгер, музыканы көркемдеуші, Димаш Құдайбергеннің саундпродюсері - Ерлан Бекчурин;
Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», «Бозторғай», «Шаттық» халықаралық конкурстарының директоры, Халықаралық конкурстар мен фестивальдар ассоциациясының мүшесі, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестиваліндегі Қазақстанның ресми өкілі - Қарлығаш Әбдікәрімова.
JUNIOR EUROVISION байқауының Ұлттық іріктеуінің финалы 6 қараша телеарнадан көрсетіледі.
Жоба ұйымдастырушылары іріктеудің бірінші кезеңіне қатысқан барлық жас орындаушыларға алғыс айтып, барлық қазақстандықтарды jevision.khabar.kz сайтынан ең мықты қатысушыға дауыс беруге шақырады.