Елімізде отанымыздың ерекше табиғатын, әдемі пейзаждарын көрсетіп, достық пен махаббатты паш ететін "Janym Qazaqstan" фильмі көрерменге жол тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
23 қаңтардан бастап Қазақстанның үлкен экрандарында көрсетіле бастаған картинаны QazaqGeography мен QG Production бірлесіп жасады.
Фильмнің бас продюсері Жасұлан Сейсенхановтың айтуынша, жоба идеясы Шарын шатқалын жиі аралағаннан кейін пайда болған. Ол шатқалға әр барған сайын туристердің 90-95%-ы шетелдіктер екенін байқаған.
Фильмнің мақсаты – ел азаматтарының ішкі туризмге деген қызығушылығын арттыру. Менің ойымша, ішкі туризм дамыса, шағын және орта бизнес әртүрлі аймақтарға тартылады. Бұл ішкі бәсекелестікті қалыптастырып, қызмет бағасы мен сапасына оң әсер етеді. Фильмді түсіру барысында моральдық құндылықтарды сақтау басты мақсатымыз болды, - дейді продюсер.
Сейсенханов түсірілім тобымен бірге табиғат бізге мұра болып қалған қазына болғандықтан, “Janym Qazaqstan” фильмі арқылы көрермендерге оны қадірлеу мен қорғау идеясын жеткізгілері келгенін айтады.
Бас продюсердің айтуынша, сценарий өмірдегі оқиғалардан алынған. Бірақ оның негізгі бөлігін сценаристер жазып, оқиғаларды сюжетке шебер түрде енгізе білген.
Фильм Невшехирде (Кападокия), Алматыда, Шарын шатқалында, Көлсай көлдерінде, Алтын Емелдегі Әнші құмда, Астанада, Қорғалжын ұлттық паркінде орналасқан Теңіз көлінің жағасында, Ақтауда және Бозжыра шатқалында түсірілген.
Сценарий жазу барысында кейіпкерлердің бейнесі ойымызда болды. Сол бейнелерге сәйкес кастинг-директорлар актерлерді ұсынды. Әр актердің кастингтегі ойынына қарап шешім қабылданды. Актерлеріміз ойымыздағы бейнелерді шынайы жеткізе алды. Бұл – біздің дебюттық жобамыз. Енді фильмді халықаралық деңгейде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар фильмдегі локациялар арқылы Қазақстанға кинотуризмді тартуға тырысамыз, - деп түсіндірді Жасұлан Сейсенханов.
Авторлар “Janym Qazaqstan” фильмінде азаматтар күнделікті өмірде кездесетін кейбір мәселелерді де көрсетуге тырысқан.
Фильм не жайлы?
Мелодрама элементтері бар бұл жарқын комедия Қазақстанның керемет пейзаждары аясында махаббат, достық және қызықты оқиғалар туралы әңгімелейді. Басты кейіпкерлер - Арман мен Әсие - тағдырдың қалауымен олардың өмірін толығымен өзгертетін оқиғалардың құйынына түседі. Түркиядан келген турист Азия Қазақстанға бірегей табиғи жерлерді түсіру үшін келеді, бірақ ол өзінің жеке мәселелерін өте айлакер түрде шешуге тырысатын жас Арманмен кездескенде оның жоспарлары өзгереді.
Бір кездесу, бір апта, бір қателік олардың жолы Қазақстанның таңғажайып табиғатына саяхатқа айналады.
"Janym Qazaqstan" фильмі қызықты оқиғаны баяндау үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды әлемдік аренада танымал ету үшін де жасалған. Керемет таулар, шексіз дала, мөлдір көлдер және елдің мәдени әртүрлілігі фильмнің толыққанды кейіпкерлеріне айналып, бүкіл әлемдегі көрермендерді осы жерлерге баруға шабыттандырады.
Кино ұзақ уақыт бойы туристерді тартудың қуатты құралына айналды. Жаңа Зеландиядағы "Сақиналар әміршісі" немесе Ирландиядағы "Тақтар ойындары" сияқты фильмдер өз орындарын саяхаттаудың көрнекті бағыттарына айналдырды. Қазақстан өзінің бірегей табиғи және мәдени байлығымен туристердің жүрегін жаулай алады.
Сонымен қатар фильм Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде шығармашылықты ілгерілетудегі маңызды қадам болмақ. Қазақстан спорт пен эстрада арқылы әлемдік аренада өзін танытып үлгерді, киноиндустрия да осы жолдың маңызды бөлігіне айналып келеді.
Айта кетейік, басты рөлдерді Ілияс Көпжасаров, Әбілмансұр Серіков, Айдана Хасанова, Санубер Искандерова, Эсат Курт және басқалар сомдайды.