Тамызда Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан 15 журналист қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Палестиналық WAFA ақпарат агенттігі Палестина журналистер одағының мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың тамыз айында Израильдің әрекеттері салдарынан Газа секторында 15 журналист, соның ішінде 3 әйел көз жұмғанын жазды. Тағы 9 БАҚ өкілі жарақат алған.
Одақ арнайы есеп дайындап, Израильдің Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы журналистерге қатысты құқық бұзушылықтарын жариялады. Құжатқа сәйкес, тамыз айында БАҚ қызметкерлеріне қатысты 86 дерек тіркелген.
Ең қанды шабуылдардың бірі 10 тамызда Газа қаласындағы "Аль-Шифа" ауруханасының ауласында болды – салдарынан 6 журналист мерт болды. Ал 25 тамызда Хан-Юнус қаласындағы "Наср" ауруханасына жасалған соққыда 5 журналист қаза тапты.
Сонымен қатар шабуылдар кезінде үш журналистің туыстары қайтыс болып, төрт журналистің үйі қиратылған, тағы үшеуі қамауға алынған.
Оккупацияланған батыс жағалауда 6 тікелей шабуыл тіркелген. Израильдік күштер журналистерге үш рет әдейі соққы беріп, 33 тілшіге кәсіби қызметін атқаруға кедергі келтіргені белгілі болды.