Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 71 455-ке дейін артты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Газа Денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада айтылды. Онда Израиль шабуылдары нәтижесінде қаза тапқандар мен жараланғандар, сондай-ақ қираған ғимараттардың үйінділерінен шығарылған мәйіттер туралы егжей-тегжейлі мәлімет келтірілген.
Атысты тоқтату жөніндегі келісімге қарамастан, Израиль әскері Газа секторына шабуылдарын жалғастырып жатыр.
Хабарламаға сәйкес, соңғы 24 сағатта аймақтағы ауруханаларға Израиль шабуылдары салдарынан қаза тапқан 12 адамның мәйіті жеткізілген, сондай-ақ 18 жаралы түскен. Оның ішінде екі адамның мәйіті қираған ғимараттардың үйінділерінен шығарылған.
Жалпы, Газа секторында атысты тоқтату режимі күшіне енген сәттен бері 463 бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы 1 269 адам жараланған.
2023 жылдың қазан айынан бері жалғасып келе жатқан Израиль шабуылдары салдарынан Газа секторында қаза тапқандардың жалпы саны 71 455-ке, ал жараланғандар саны 171 347-ге жеткен.
Сонымен қатар мыңдаған адамның мәйіті әлі күнге дейін қираған ғимараттардың үйінділері астында жатқаны айтылды.
Газа секторында атысты тоқтату және тұтқындар алмасу жөніндегі келісім
Дональд Трамп 9 қазанда ХАМАС пен Израиль Египетте өткен келіссөздер барысында Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісім жоспарының алғашқы кезеңін мақұлдағанын мәлімдеген.
Египетте қол қойылған келісім Израиль үкіметі мақұлдағаннан кейін 10 қазанда күшіне енген.
Алайда қолданыстағы атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Израиль әскері түрлі сылтаумен палестиналықтарға қарсы шабуылдарын жалғастырып келеді.