2023 жылдың қазан айынан бері Израиль армиясының Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 72 123 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Израиль әскері атысты тоқтату режимі күшінде болғанына қарамастан Газаға соққы беруді жалғастырып жатыр.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің жазбаша мәлімдемесінде соңғы 48 сағат ішінде аймақтағы ауруханаларға үш адамның мәйіті және жараланған үш палестиналық жеткізілгені айтылған.
2025 жылғы 10 қазанда бітім күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдары салдарынан Газада 640 адам қаза тауып, 1707 адам жарақат алған. Сонымен қатар қирандылар астынан 753 адамның мәйіті шығарылған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 72 123 адамға жетті, ал жараланғандар саны 171 805 адамды құрады.
Мәліметке сәйкес, Газадағы қирандылардың астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті жатыр.