Израиль үкіметі Газа секторындағы бейбіт тұрғындарды үшінші елдерге «ерікті» депортация ұйымдастыратын арнайы ведомство құруды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді.
Газа тұрғындарының кез келгені үшінші елге кеткісі келсе, мұны жүзеге асыра алады, – деді Кац.
Елде жүргізілген сауалнамада Газа тұрғындарының жартысынан астамы егер мүмкіндік болса, аймақтан кетуді қарастыратынын айтқан.
Израиль авиациясының түнгі соққыларынан ХАМАС-тың саяси жетекшілерінің бірі Салах әл-Бардавиль және оның жұбайы қаза тапты. Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сол түні тағы 18 адам қайтыс болған.
Соңғы күндері Израильдің Газаға жасаған жаңа әуе соққыларынан 700-ден астам палестиналық қаза тауып, 1000-нан астамы жарақат алған.
2023 жылдың қазан айынан бастап, жергілікті биліктің мәліметінше, Израильдің Газаға басып кіруі салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 50 мыңнан асты, олардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар.