Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Израиль мен ХАМАС бейбіт келісімнің алғашқы кезеңіне қол қойды – Трамп

9 Қазан 2025, 05:33
529
Бөлісу:

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт келісімнің бірінші кезеңіне қол қойылғанын хабарлады. Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.

Барлық кепілге алынғандар жақын арада босатылады, ал Израиль әскері тұрақты бейбітшілік жолында келісілген шептерге шегінеді, - деді Трамп.

Оның айтуынша, келісімге АҚШ, Катар, Египет және Түркияның делдалдығымен қол жеткізілген. Трамп 12 қазанда Таяу Шығысқа барып, бейбіт келісімге қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху үкіметті келісімді ратификациялауға және кепілге алынғандарды елге қайтаруға шақырды. Reuters пен AFP агенттіктері ХАМАС та келісімді растағанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, кепілге алынғандар 72 сағат ішінде шамамен 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталмақ.

Катар СІМ өкілі Маджед Әл-Ансари атысты тоқтату мен гуманитарлық көмекті жеткізу тетіктері келісілгенін растады.

2023 жылы ХАМАС Израильге шабуыл жасап, 1200 адамды өлтіріп, 250-дей адамды кепілге алғаннан кейін Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығып кеткен еді. Израильдің қарсы соққылары салдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.

Өзгелердің жаңалығы