Израиль БҰҰ-ның Газа секторындағы аштық жағдайына қатысты баяндамасын «ойдан шығарылған» деп атап, оны дереу қайтарып алуды талап етті. Бұл туралы Израиль Сыртқы істер министрлігінің бас директоры Эден Бар-тал баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, БҰҰ-ға есеп дайындаған FRC (Famine Review Committee) сарапшылары «саясаттандырылған» әрі «террористік ұйымның мүддесі үшін жұмыс істейді». Егер құжат кері қайтарылмаса, Израиль «жосықсыз әрекеттердің» дәлелдерін жариялайтынын ескертті.
22 тамызда FRC жариялаған баяндамада Газа секторының солтүстігінде бесінші – апатты деңгейдегі аштық тіркелгені айтылған. Сондай-ақ бұл жағдай алдағы апталарда Дейр-эль-Балах пен Хан-Юнис провинцияларына таралуы мүмкін екені көрсетілген.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл деректерді «ашық өтірік» деп атады. Ал СІМ БҰҰ есебі «ХАМАС мүддесін көздейтін ұйымдар сүзген ақпаратқа негізделген» деп мәлімдеді.