Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 наурыз, сенбі күні Иранның мұнай инфрақұрылымына алғашқы әуе соққылары жасалғанын хабарлады. Әскер өкілінің айтуынша, Тегеран қаласында кемінде 30 мұнай резервуары шабуылға ұшыраған. Бұл туралы The Times of Israel басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иранның Мұнай министрлігіндегі аты-жөні аталмаған өкіл Fars ақпарат агенттігіне Тегеран мен көршілес Кередж қаласында үш мұнай қоймасы нысанаға алынғанын растады. Ал IRNA агенттігінің мәліметінше, олардың екеуі Иран астанасының оңтүстігіндегі ірі мұнай өңдеу зауытының жанында орналасқан, бірақ зауыттың өзі зақымданбаған.
Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) бұған жауап ретінде Израильдің Хайфа қаласындағы мұнай өңдеу зауытына зымыранмен соққы жасағанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпаратты Израиль тарапы әзірге растаған жоқ.
Сонымен қатар CNN телеарнасы Израильдегі дереккөзге сілтеме жасап, Ирандағы мұнай қоймаларына жасалған соққылар қақтығыстың келесі кезеңінің бір бөлігі екенін хабарлады.
Биньямин Нетаньяху америкалық-израильдік Иранды бомбалау жалғаса беретінін айтып, «ақиқат сәті» жақындап қалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл кезде ирандықтар өз үкіметіне қарсы шығуы мүмкін.
Сондай-ақ Нетаньяху ирандық қауіпсіздік күштеріне үндеу жасап, қаруын тастағандар зардап шекпейтінін айтты.