Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

23 Тамыз 2023, 09:15
2598
Бөлісу:
Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?
PHOTO
Фото: Арман Мухатов

Кинология иттер туралы ғылым. Кинолог ит жайында бәрін біледі, оның физикалық, психологиялық жағдайы, мінез-құлқы, тағысын тағы. Ол иттермен жай дос болып қана қоймай, оған жаңа машықтарды үйретіп, адамдармен тіл табысуға көмектеседі. Кинологтар із кесуге, жоғалғандарды іздеуге, заңсыз заттарды табуға және қылмыстарды тергеуге қатысатын ең ақылды иттерді баптап, өсіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ «ит - адамның досы» деп иттерге ерекше мән берген. Бүгінгі мақаламыз иттерді қызметтен тыс уақытта досына, ал қызмет кезінде ажырамас серігіне айналдырған кинологтар жайында болмақ.

BAQ.KZ журналисі Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Полицейдің бір күні» («Погондағы журналсит») жобасы аясында елордадағы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында болып, өзін кинолог сезініп көрді. 

Орталықта кинолог «полицей» иттерді жаттықтырып, қылмысты ашуға дайындайды.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Рауан Дәулетов орталықтың қызметімен таныстырып, кинолог қызметінің қыр-сырын түсіндіріп берді.

Иіс және қылмыс

Кинологиялық қызмет орталығы қылмыспен ит арқылы күреді. Астана қаласының Полиция департаменті бойынша кинологиялық орталықта 50-ден астам қызметтік ит бар.

Орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Дәлірек айтқанда, із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды, қаруды іздеу. Осы қылмыстармен иттің көмегі арқылы күресеміз. Одан бөлек, патруль қызметі, шабуылшы ит бар, - деді Рауан Дәулетов.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинологияда «одорология» деген ерекше бағыт бар. Бұл бағыт иістерді зерттейді. Қылмыс болған жерден адамның қолтаңбасынан бөлек, оның иісі де алынады. Мамандар қылмыс болған жерден алынған иісті одорология бөлімінде үш иттің көмегімен зерттейді.

Одорология кабинетінде криминалист, тергеуші үш иттің қатысуымен иіс арқылы адамның қылмыс болған жерде болған-болмағанын анықтайды. Бұл процестің барлығы видеоға түсіріледі.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Есірткі және жарылғыш заттарды іздеуге иттерді жаттықтырамыз. Дайындалған иттер қылмыс болған жерде иіс арқылы оларды таба алады. Мысалы, бір жерде қылмыс болды делік. Есірткі сататындарды ұстаған кезде иттер есірткіні тыққан жерлерін табуға көмектеседі. Иттер көліктерді тінтиді. Себебі есірткі сатушылар оны көліктің доңғалақтарына, бамперлерге тығып қоюы мүмкін. Ал оны біз таба алмауымыз мүмкін, - дейді полиция майоры.

Қызметтік иттер тек кезекші бөлімге түскен хабарламаларға ғана емес, сонымен қатар ауқымды іс-шаралардың ойдағыдай өтуіне көмектеседі. Елімізде үлкен жиын, іс-шаралар, спорттық жарыстар өтетін жерлерді де «полицей» иттер алдын ала тінтіп, жарылғыш заттардың бар-жоғын тексереді. Мұндай жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинологтарымыз хабарламаларға шығады. Мысалы, қандай да бір сауда үйінде «күдікті сөмке жатыр» деген хабарлама түссе, барып тексеру жүргіземіз. Иттеріміз осындай қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі, - дейді Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары.

Айта кетсек, жылдың басынан бері иттер 200-ден астам қылмыстың бетін ашуға ықпал еткен. Мысалы, бір жерде тонау не болмаса кісі өлтірген болса, ол жерде жедел іздестіру тобымен бірге кинологтар да жұмыс істейді. Ең алдымен кинолог барып, іздерді иттің көмегімен іздейді. Кейін ит із кесіп жүргенде ұрыны ұстап алмаса да, қылмыскердің қай жерге дейін келгеніне бағыт көрсетеді. Кейін қызметтік ит көрсеткен жерге тергеушілер, жедел уәкілдер жұмыс істеп, қылмыскерді табады.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Қызметтік иттер қалай дайындалады?

Орталықтағы 50-ден аса иттің өзінің бағыты бар. Біреуі есірткі, екіншісі жарылғыш зат, тағы біреуі адам іздейді, енді біреуі шабуылшы ит болса, біреуі одорология бойынша дайындалады.

Иттер қызметке ұзақ уақыт бойы дайындалады. Себебі бұл өте қиын жұмыс. Дайындыққа бір жылдан екі жылға дейін уақыт кетеді.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинологтар бір күн қызметте болса, екінші күні дем алады, ал үшінші күні итін баптап, үйретеді.

Кинологиялық қызмет орталығы қызметте бельгиялық, неміс овчаркасын қолданады. Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Рауан Дәулетовтің айтуынша, олардың жұмыс істеу қабілеті жақсы.

Қазақтың төбеті де бар. Бірақ оларды қызметте көп қолданбаймыз. Өйткені оларға ерекше күтім керек. Ал бельгиялық овчаркалар жылдам, қолға үйретуге бейім келеді, - дейді ол.

Алматыда да Кинологиялық қызмет орталығы бар. Елордалық кинологтар қызметтік иттерді алматылық әріптестерінен алады.

Иттердің барлығы теңгерімге қойылған. Себебі оларға дәрі-дәрмектер, тамақ бөлінеді. Есептен шығарылатын иттер де болады. Орталықта комиссия ай сайын иттерді тексеріп отырады. Кинологтың жұмыс қабілетімен қоса, иттердің жұмыс қабілетін және денсаулығын тексереді. Осындай тексеріс кезінде қай ит жұмыс қабілетін жоғалтқаны белгілі болады. Осындай жағдай анықталса, алдымен итті есепке қойып, кейін тағы бір тексеріс өткіземіз. Ит те тірі жан болғандықтан ауырады, қартаяды, көзі көрмей, иіс сезу қабілетінен айырылады, - дейді Дәулетов.

Комиссия тексерістен кейін қабілетінен айырылған иттерді теңгерімнен шығарады.

Теңгерімнен шыққан иттерді бірге қызмет істеген серіктесі (кинолог – ред.) үйіне алып кете алады.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинологтар жылына 3-4 рет Алматыдағы Кинология орталығында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Онымен қоса, Астанадағы орталықта да біліктіліктерін шыңдайды. Жаттығу жасайды, итті ойнатады. Ал ветеринарымыз таңертең иттердің денсаулығын қарап, жағдайларын тексереді, - дейді полицей.

Ит ең алдымен физикалық және психикалық тұрғыда мықты болуы керек. Иттердің де темпераменті адамдарға ұқсас сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик деп бөлінеді.

Біз иттердің темпераментіне қарап, нақты бағыттарға бөлеміз. Мысалы, одорологияда, жарылғыш заттарды іздеуде холериктерді қолданбаймыз. Себебі мұндай типтегі иттер өте белсенді болады. Сондықтан оларды көбіне шабуылшыларға, із кесуге, ұрлық жасағандарды ұстауға қолданамыз, - деп айтты Дәулетов.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Жалпы әр итпен жеке жұмыс істеу керек. Иттер де өзгеше болады, тіпті ойнайтын ойыншықтары да әртүрлі болады. Әр итке бір кинолог жауапты болады. Ит оған үйренеді. Қызмет кезінде серіктесі болады.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинологиялық қызмет орталығында Астана қаласы Полиция департаментінің кинолог инспекторы, полиция аға лейтенанты Айтпай Сапаров қызмет етеді.

Айтпай 2016 жылдан бері Таразбен (қызметтік ит – ред.) жұмыс істеп келе жатыр. Қазір Айтпай мен Тараз ажырамас достарға айналды. Айтпай Таразға қалай жауапты болды? Мұны да мінездеріне қарап таңдадық. Мысалы, Айтпайдың мінезі сабырлы, ал иті бұзықтау. Яғни екеуінің арасында тепе-теңдікті сақтау үшін осындай таңдау жасалған болатын, - дейді Рауан Дәулетов.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Кинолог Айтпай Сапаров иті Таразбен бірге қызметке қалай дайындалатынын, қандай жаттығулар жасайтынын , итпен қалай дос болу керегін көрсетті.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Тараз өте жылдам, бір орында ұзақ уақыт тыныш тұра алмайтын ит. Ол үнемі қозғалыста болу керек. Сол үшін бүгін жаттығу кезінде Тараз кедергілерден өтіп, жаттығулар жасады.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Өздеріңізге мәлім, Астанада 5 аудан бар. Әр ауданда кезекші кинологтар болады. Егер хабарлама түссе, кезекші кинологтар қызметке шығады. Кинолог итімен дайындалған бағыты бойынша түскен шақыруларға барады.

Орталық басшысы орынбасарының айтуынша, күніне шамамен 15-20 шақырту түседі. Қала қазір тыныш болып көрінсе де, кей жерлерде ұрлық және басқа да қылмыстар болуы мүмкін.

«Біз жұмыс емес, қызмет етеміз». Антына адал полицей

Кинологтардың орташа жалақысы шамамен 200 мың теңге. Қазіргі күні орталықта маман тапшылығы жоқ. Себебі полицейлерге қазіргі күні қолайлы жағдай жасалған.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Үй жалдап тұруға да мемлекеттен төлем қарастырылған. Ем-дом тегін. Барлық жағдай бар. Тек қызмет ету керек, - дейді Рауан мырза.

Бүгінгі күні орталықта 40-тан астам сертификатталған кинолог бар. Оның ішінде 10-нан аса қыз кинолог.

Орталықта иттерге де барлық жағдай жасалған. Мысалы, тұратын жерлері, тамағы бар. Күніне екі мезгіл теңдестірілген құрғақ тағам беріледі. Иттер үнемі белсенді жұмыс істейтіндіктен дәруменге бай тамақты беруге тырысамыз. Иттер жылына 2 рет вакцина алса, айына бір рет кене, паразиттерге қарсы тексерістен өтіп тұрады. Күн сайын да ветеринар денсаулығын тексеріп отырады. Шақыртуға шығатын көлікте иттерге арнайы торлар орнатылған, - деп айтты ол.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Иттерге күніне екі мезгіл құрғақ тамақ беріледі. Қазір жаз мезгілі болғандықтан ботқа дайындалмайды, өйткені иттерге жеткенше күннің ыстығында дәмі бұзылып кетуі мүмкін. 

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Ал бұл ветеринар кабинеті. Мұндай иттердің денсаулық жағдайы тексеріледі.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Рауан Дәулетов орталық кинологтарды қызметке адал болуға тәрбиелейтінін айтты.

Біз жеке құрамды жалақы алу үшін жұмыс істеп жүрген жоқсың деп тәрбиелейміз. Шақырту болса, біз оған міндетті түрде барамыз. Біз бұл салаға жұмысы оңай емес екенін біле тұра келдік. Қызметімізге адал болуға ант бердік. Біздікі жұмыс емес, қызмет. Бұл салаға қылмыспен күресу үшін келдік, - дейді полицей.

Із кесуші иттердің қызметі немесе кинолог болу оңай ма?

Өздеріне жүктелген ауыр міндетті арқалап жүрген қызметтік иттер де иесінің, серігінің қасында доп сұрап, тырналап ойнайтын кішкентай күшікке айналатынына көзіміз жетті. 

Орталық жұмысымен таныстырып болғаннан кейін кинологтар иттерімен бірге өздеріне жүктелген міндетті атқаруды жалғастыруға кірісті. 

Өзгелердің жаңалығы