Италиялық инвестицияға деликатес: Елде ұлу өсіріп, етін өңдейді

22 Ақпан 2024, 11:13
789
Бөлісу:
Италиялық инвестицияға деликатес: Елде ұлу өсіріп, етін өңдейді
Фото: pixabay.com

Жамбыл облысында өнеркәсіптік мақсатта ұлуларды өсіру қолға алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Италиялық "Lumacheria Italiana" компаниясы Жамбыл облысында биылғы жылы өнеркәсіптік мақсатта ұлулар өсіруді қолға алуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімінің кеңесшісі Дәулетқожа Мамыровпен өткен кездесуде компания өкілдері Жамбыл облысы қолайлы климаттық жағдайлармен қамтамасыз етілгенін атап өтіп, бұл өнеркәсіптік бағытта ұлуларды әлемдік нарыққа қарағанда 4 есе арзанға өсіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Аталған жоба жергілікті "Meragro" компаниясымен бірлесіп іске асырылатын болады. Италиялық компания жобаны бірнеше кезеңге бөлуді ұсынды. Атап айтқанда, облыс аумағында ұлулар өсіруді жолға қою, инкубатор салу, олар үшін жем-шөп өндірісін бастау және ұлу етін өңдейтін кәсіпорын салу кезеңдерін қарастырып отыр.

Жоба бойынша алғашқы кезеңдерде инвестиция көлемі 2 млн еуродан асады. Бастысы, компания жергілікті шаруаларды оқытуға дайын.

Жалпы, косметологияда ұлулар шығаратын қабық пен кілегей шырыш қолданылады. Ал, ұлу еті – бұл ерекше өнім және ол әлем елдерінде үлкен сұранысқа ие.

Айта кетейік, Жамбыл облысы Орталық Азия бойынша ұлуларды алғаш рет өнеркәсіптік өсіретін өңір атанбақ.

Ал, "Lumacheria Italiana" компаниясы ұлулар өндірісінде әлемдік көш бастап тұр.

Өзгелердің жаңалығы