Италиядағы бір күн. Туристерге қажетті кеңестер

13 Қараша 2023, 13:03
1355
Бөлісу:
Италиядағы бір күн. Туристерге қажетті кеңестер
Фото: автордан

Еуропаның тарихи және мәдени орталығына айналған Италия туристер ең көп баратын елдің бірі. Қолайлы ауа райы, сәнді киімдері, дәмді паста мен шараптың түр-түрімен танымал бұл елге шамамен жыл сайын 50 млн-нан астам турист келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Рим, Милан, Венеция, Турин сынды қалалаларының сұлулығы бір төбе. Ежелгі мәдениеттің қалдықтарымен өзінше бай, ешкімге ұқсамайтын заманауи мәдениетке, тарихи ғимараттарына сүйсінбеу мүмкін емес. Елімізден бұл елге бару үшін міндетті түрде Шенген визасы қажет болады.

Италиядағы бір күн. Туристерге қажетті кеңестер

Ел астанасы Римге барғанда нені ескеру керек?

Атақты Колизеймен танымал Италияның Рим қаласына келетіндердің де саны көп. Қалада міндетті түрде бару керек көрнекті орындар: Треви фонтаны, Константин аркасы, Ватикан қаласы, Әулие Петр соборы. 

Біз Римге Стамбул арқылы ұшып бардық. «Fiumicino» әуежайынан қала орталығына дейін жеткізетін қоғамдық көлік, такси немесе жедел пойызбен баруға болады. 

Елден шығатын кезде теңгеңізді міндетті түрде еуроға айналдырып алыңыз. Бізге ыңғайлысы пойыз болғандықтан сол транспортты таңдадық. Пойыздың өте жылдам және жай түрі бар. Билет бағасы да әртүрлі. Жылдам пойызға 14 еуро (7140 тг), жай пойыздың бағасы 8 еуро (4080 тг) болады. Ал автобуспен 4 еуро (2040 тг) жетуге болады. 

Қалаға бұдан да жылдам жеткім келеді дейтін болсаңыз такси жалдауға мүмкіндігіңіз бар. Қалтаңыз көтеріп жатса, 48 еуромен (24 480 тг) бара аласыз. 

Біз пойызбен барғанымызға еш өкінбедік. Себебі іші өте тап-таза, телефон қуаттайтын және wi-fi орнатылған. Қарныңыз ашса да еш қиналмайсыз. Пойызда мейрамхана да бар. Бұл әуежайдан қалаға келетін пойыздың жай күйі осындай. 

Қала тұрғындары да туристердің келетініне әбден үйреніп қалған. Жол сілтеуден еш қиналмайды. Көбіне әрине итальян тілінде сөйлейді. Біз ол тілді білмегендіктен, ағылшын тілінде сөйлесуге тура келді. Ағылшын тілін де жақсы біледі.

Негізі Италияға баруға ең қолайлы мезгіл көктем мен күз деп жатады. Жазда тым ыстық екен. Біз қазан айының аяғында бардық. Ауа райы өте жайлы болып тұрды. Қатты ыстық та, суық емес, жылы әрі қолайлы болды. 

Қаланы жаяу аралаған өте тиміді. Қыздарға айта кетер бір дүние биік өкшелі аяқ киім кимеңіз. Ең ыңғайлысы жайлы аяқ киім. 

Қалада үлкен, биік көліктерді көп кездестірмедік. Тіпті жоқтың қасы. Қала көшесінде ондай машиналармен жүру қолайсыз. Себебі көшелер өте тар. 

Қаланың әр жері ерекше локация. Сұлулығына расымен де көзің тоймайды. Ал қала тұрғындарының айқайлап сөйлейтініне дайын болыңыз. Дауыстары жарқын-жарқын шығады.

Дүкендер мен тамақтану орныны кірген кезде қолма-қол төлеу жасау ыңғайлы. Картадан төлейтін болсаңыз чек сұрауды ұмытпаңыз. Алаяқтарға алданып қалудан сақтаныңыз.

Италиядағы бір күн. Туристерге қажетті кеңестер

Римдегі көрікті жерлер

Италияның мақтанышы Колизейді көруге әлемнің түрлі елінен туристер келеді. Алғашқыда «Флавия Амфитеатры» аталған бұл тарихи орынға алдын-ала билет алып қоймасаңыз кіру қиындау. Билет алудың өзіне кезек көп. 

Кезінде мұнда бір уақытта 50 мыңнан аса көрермен бірі қалып, бірі өлетін гладиаторлар шайқасын, цирк ойындарын тамашалаған. Адам мен жануардың да айқасын бақылаған. Колизейге кіру құны 12 еуро (6120 тг). 

Бізде уақыт шектеулі болғандықтан Колизейге кіру бұйырмады. Бірақ сыртынан көріп, фото-видеоға түсіруге мүмкіндік болды. 

Колизей Италиияның негізгі символы деп айтуға болады. Римде жалпы фонтандарды жиі кездестіресіз. Әр қайсысы өзінше әдемі, бір-біріне ұқсамайды. 

Солардың бірі қалаға келген қонақтардың ең жиі бас сұғатыны «Треви фонтаны». Мұнда келген туристер фонтанға артқа қарап тұрып ақша лақтыру сынды дәстүрін орындайды. Ол дегеніңіз келесі жолы да міндетті түрде тағы да бұл қалаға келемін деген сенімділікті білдіреді екен. Фонтанға лақтырылған тиындар жиналып, кейін қайырымдылыққа жұмсалады. 

Біз барған уақытта жаңбыр жауып кетті. Бірақ ол сіздің көңіл-күйіңізге еш әсер етпейді. Субұрқақтың әдемілігің көргенде барлығын ұмытасыз. 

Римдегі ең танымал тағы бір субұрқақ - төрт өзеннің фонтаны. Италияның күші мен құдіретін білдіретін композиция құрамында төрт құрлықтан әлемдегі ең ірі өзендердің Ніл, Дунай, Ганг және Ла-Плата құдайларының төрт фигурасы бар. Ол Навона алаңында орналасқан. 

Бір қаладан тұратын әлемдегі ең кішкентай ел Ватиканға міндетті түрде барыңыз. Рим қаласының батыс жағында орналасқан бұл елге келушілер де өте көп. 

Жалпы Рим қаласын аралап, көруге 1 күн жетпейді. Кемінде 3 күнге келуге қамданыңыз.

Италиядағы бір күн. Туристерге қажетті кеңестер
Өзгелердің жаңалығы