Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінде форс-мажор жағдайда немесе қандай да бір оқыс оқиғалар салдарынан шетелде күрделі жағдайға тап болған азаматтар үшін қаражат қарастырылған. Ондай жағдайларда мемлекет барлық шығынды өз мойнына алады. Мысалы, өткен аптада қайғылы жағдай орын алды: Италияда азаматымыз автокөлік қағып кетіп, қайтыс болды. Марқұмның туыстарының өтінуімен олардың өтінішін қарадық. Қазір марқұмның денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат бөлінді. Құжаттар жақын арада рәсімделеді, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Айтуынша, марқұмның денесі осы аптада елге жеткізілуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Салерно университетінде докторантурада білім алып жатқан 27 жастағы қазақстандық Әсем Жарбосын көлік қағып кетіп, мерт болғаны туралы айтылды.
Өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы 17 қаңтар күні Салерно қаласында орын алған. Бойжеткенді Верди театрының маңында Peugeot 308 көлігін тізгіндеген 20 жастағы жүргізуші қағып кеткен. Жүргізуші қайғылы оқиғадан соң көлігінен түсіп, дәрігерлерді көмекке шақырған. Өкінішке қарай, Әсемді құтқару мүмкін болмады.