Италияда 20 қарашаға жалпыхалықтық ереуіл жарияланды. Бұл шешім өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылықтар аясында қабылданды. 17 қазанда Милан, Болонья және Турин қалаларында өткен шерулер полициямен қақтығысқа ұласқан.
Ереуіл өтетінін Италиядағы ең ірі кәсіподақтардың бірі – CGIL ұйымының жетекшісі Маурицио Ландини мәлімдеді.
Римде кәсіподақтың ірі шеруі өтіп, оған шамамен 100 мың адам қатысқан. Олар жалақыны көтеруді және әскери шығындарды қысқартуды талап етті. Акция негізінен елеулі оқиғаларсыз өтті.
Миланда шамамен бес мың адам қатысқан «Italia in piazza» шеруі бейбіт басталғанымен, кейін қара киінген әрі беттерін жасырған наразылық білдірушілердің бір тобы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Олар полицияға тас, петарда және қоршау бөлшектерін лақтырған.
Қақтығыстар негізінен Дуомо соборының маңында және оған жақын көшелерде болған. Полиция көзден жас ағызатын газ бен суатқыштарды қолданып, наразылық білдірушілерді таратуға кіріскен.
Қақтығыстар салдарынан дүкендердің әйнектері сындырылып, полиция көліктері бүлінген және тоналған. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше полицей мен жиырмаға жуық наразылық білдіруші зардап шеккен. Олардың басым бөлігі жеңіл жарақат алған. Оқиғаға қатысқан ондаған адам ұсталды.
Болонья қаласында да вокзал маңында қақтығыс болған. Полиция суатқыштарды қолданып, жеті адамды ұстаған.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони болған зорлық-зомбылықты айыптады.
Демонстрацияға шығу – құқық. Ал қалаларымызды ұрыс алаңына айналдыруға болмайды, – деді ол.
Сондай-ақ премьер-министр оппозицияны болған оқиғаларды біржақты айыптауға шақырды.
Италиядағы бұл оқиғалар Францияда 17 қазанда өткен осындай наразылық шаралары аясында болып отыр. Кешке қарай Миландағы жағдай әлі де шиеленісті болған. Полиция қала орталығында патрульдік қызметін жалғастырған.
Бұған дейін Италияда студенттер жариялаған «Мелониге қарсы күн» (No Meloni Day) акциясы өткен болатын. Наразылық білдірушілер мектеп ғимараттарының тозуын, әскери өнеркәсіпті қаржыландыруды сынап, мектептердегі мигрант балалардың санын шектеуге бағытталған жарлыққа қарсылық білдірген.