Италия – Еуропалық Одақтағы экологиялық таза өнімдер өндірісінің жетекшісі. Елде қоршаған ортаға әсері аз 19 мыңнан астам тауар Ecolabel таңбасын алған. Бұл туралы Еурокомиссия мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Испания (16 мың), Франция (13 мың), Германия (10 мың) және Португалия (7 мың) алғашқы бестікке кірді. 2024 жылдан бері экотаңбалы өнімдер саны 15%-ға артқан.
Ең көп экотаңбалы өнімдер – бояу материалдары, қағаз және тұрмыстық тазалау құралдары. Сонымен қатар 900-ге жуық қонақ үй де экологиялық стандарттарға сай қызмет көрсетеді.
Ecolabel сертификатын алу үшін компаниялар 200–2000 еуро төлейді. Бағдарлама салықтық жеңілдік бермесе де, экологиялық жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.