IT мен тіл мамандары бірлесе жұмыс істеуі керек – Шерубай Құрманбайұлы

23 Маусым 2021, 13:09
3838
Бөлісу:
IT мен тіл мамандары бірлесе жұмыс істеуі керек – Шерубай Құрманбайұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордамызда өткен «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық семинарда ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпыға ортақ терминологиялық мәліметтер қорын жасау үшін тың жаңалық ашудың қажеті жоқ. Бар болғаны шетелдік тәжірибені оңтайлы пайдалансақ, сол да жетеді дейді филолог маман.

Терминологиялық мәліметтер қорын жасау көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Бізге жаңалық ашып керек емес. Бастысы әлемдік тәжірибені дұрыс пайдалану қажет. Басқа елдердің реттеу әдістемелерімен  жақсылап танысып, жүйелілігін меңгеруіміз керек, - дейді ол.

Сонымен қатар ол тілімізге енетін термин сөздермен жұмыстың қалай жүретінін айтты.

Ең алдымен ұйымдастыру кезінде ағылшын, неміс және басқа тіл мамандары тиісті мәліметтер мен ақпараттарды жинайды. Одан кейін жиналған деректерді талдап, саралап оның ішінен салыстыру жүргізіп, қай елдің терминологиялық қоры ұтымды екені анықталады. Бұл толығымен көшіру дегенді білдірмейді. Өзімізге тиімді жақтарын алып, пайдалануымыз керек, - деді ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы.

Сөзінше, терминологиялық мәліметтердің түрлері көп. Ал қазіргі міндет жалпыға ортақ термин сөздерін реттеу.

Терминологиялық қордың түрлері өте көп. Оның ішінде жалпыға арналған мәліметтер қоры бар. Ол барлық сала мамандарына, аудармашыларға арналған терминологиялық қор. Осы себепті біз жалпыға арналған мәліметтер қорын жасаймыз. Ол көпшілік пайдаланатын, барлық әлеуметке қолжетімді болады, - деді маман.

Ғалым бұл сала бойынша шешілмеген мәселенің көп екенін, әсіресе, жаңа шығып жатқан технологиялардың, бағдарламалау тілінің дамуы жағынан кенже қалып келе жатқанын айтты.

Қиындық тудырып жүрген мәселенің бірі - бұл бағдарламалау тілі. Бұл сала бойынша IT мамандары мен тіл мамандары қосылып жұмыс жүргізу керек. Осы уақытқа дейін жасалған бағдарламалау саласының ыңғайлылығы, тиімділігі тұрғысынан көп сын айтылып келеді. Алдағы уақытта бұл сала толығып, зерттеліп, зерделенетін болады, - деді Шерубай Құрманбайұлы.
Олжас АДАЙ
Өзгелердің жаңалығы