Жетісу облысында прокурорлық қадағалау актісі бойынша 492 педагогке 72 млн теңге берешек төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Панфилов ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында аудандық білім бөлімі тарапынан мұғалімдердің іссапар шығындары бойынша 72 млн теңге сомасында берешекке жол берілгені анықталды.
Өтемақылардың уақтылы төленуі азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің міндетті шарты екенін ескере отырып, аудан прокуратурасымен уәкілетті органның атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде аталған берешек толықтай өтелді. 492 педагог тиісті төлемдерін толық көлемде алды, - деп хабарлады Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін мұғалімді артық жұмысқа тартқандарға айыппұл салу ұсынылған.