Каталонияда қайғылы оқиға болды: тіреу қабырғасы теміржол рельстерінің үстіне құлап, сол сәтте сол жерден өтіп бара жатқан қала маңындағы пойызды басып қалған. Оқиға салдарынан пойыз машинисі қаза тауып, 37 жолаушы жарақат алды, олардың бесеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Апат Барселонадан шамамен 40 шақырым батыста орналасқан Желида қаласының маңында болған. Каталония өрт сөндіру қызметінің өкілі Клауди Гальярдоның айтуынша, қабырғаның опырылуына дауыл салдарынан ауа райының күрт нашарлауы себеп болған. Үлкен көлемдегі қабырға пойыз өтіп бара жатқан сәтте тікелей рельстердің үстіне құлаған.
Қаза тапқан машинист Каталониядағы қала маңындағы пойыздарды басқаратын Rodalies de Catalunya компаниясында жұмыс істеген. Зардап шеккендердің басым бөлігі қабырға құлаған бірінші вагонда болған. Жедел жәрдем қызметі 37 адамға көмек көрсеткен, олардың көпшілігі жеңіл жарақат алған. Бір жолаушы қатты зақымданған вагоннан шығарылды.
Оқиғаға байланысты қала маңындағы пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Бұл апат Испанияның оңтүстігінде екі күн бұрын болған ірі теміржол апатынан кейін орын алды. Ол кезде Кордова провинциясында екі жоғары жылдамдықтағы пойыз соқтығысып, 42 адам қаза тапқан. Қазіргі уақытта сол оқиғада зардап шеккен 37 адам әлі де ауруханада жатыр.