Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Карантин нормаларын сақтауда жеңілдіктер қарастылады.
Испания премьер-министрі Педро Санчес коронавирусқа байланысты елде енгізілген карантиндік шараларды 9 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Карантин нормаларын сақтауда жеңілдіктер қарастылады, деп хабарлайды Majorca Daily Bulletin.
Енді бұл шараны депутаттар конгресі (парламенттің төменгі палатасы) мақұлдауы керек.
Біз қол жеткізген жетістікке қарамастан, карантинді жай алып тастау мүмкін емес. Мен ертең және келесі аптада автономды қоғамдастықтар мен депутаттар конгресіне әлеуметтік шектеулерді 9 мамырға дейін ұзарту туралы ұсынысымды жіберемін, - деді Санчес.
Испания премьер-министрі 27 сәуірден бастап балалардың сыртқа шығуы үшін карантиндік шараларға жеңілдік жасалатынын айтты.
Еске сала кетейік, Испанияда коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы 31 қаңтарда тіркелген. Қазіргі уақытта бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші, өлім-жітім деңгейі бойынша үшінші орында.
Испанияда шамамен 192 мың адам коронавирус жұқтырып, 20 мыңнан астамы қайтыс болды.
Наурыз айының ортасында елде коронавирустың таралуына байланысты жоғары дабыл енгізу шаралары мақұлданды. Тұтас ел бойынша қозғалыс шектеліп, білім беру және ойын-сауық нысандары, кафелер, барлар, саябақтар мен спортзалдар жабылды.
Испаниялықтарға тек азық-түлік, дәріхана, ауруханаға, сонымен қатар, кейбір жандарға жұмысқа бару үшін сыртқа шығуға рұқсат етілген.