Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ислам банкі несиені пайызсыз беретіні рас па?

10 Қазан 2025, 19:46
491
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Қазақстанда исламдық қаржы жүйесі жиі талқыланып жүр, бірақ бұл тақырыпқа қатысты түсінбеушіліктер әлі де бар. Көпшілік санасында оны “пайызсыз несие” немесе тек мұсылмандарға арналған өнім ретінде қабылдайды. Алайда іс жүзінде исламдық қаржы — нақты құқықтық тетіктері, халықаралық стандарттары мен қатаң реттеу жүйесі бар әлемдік қаржы моделі. Бұл туралы "Қазақстандағы исламдық қаржы: оқу, тәжірибе және даму" семинарында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа қаржылық мәдениет

Исламдық банкинг Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Шариғат нормаларымен реттеледі. Әр банк жанында Исламдық қаржыландыру қағидаттары кеңесі жұмыс істейді. Ол банктің ислам қағидаттарын сақтап, тыйым салынған салаларды қаржыландырмауын бақылайды.

Мамандардың айтуынша, ислам банкингі — бұл тек діни нормалар ғана емес, сондай-ақ этика, сенім мен ашықтыққа негізделген жүйе. Бұл құндылықтар бүгінде әлемнің барлық қаржы жүйелерінде бағаланады.

Республикалық мешіттің ұстазы, АХҚО-ның Шариғат кеңесшісі Мақсатбек Қайырғалиев атап өткендей, исламдық қаржы әлемдік нарықтың ажырамас бөлігіне айналған.

Қазіргі таңда әлемдегі исламдық қаржы көлемі 3 триллион доллардан асады және жыл сайын 10–12% өсіп келеді. Бұл әділдікке, пайызсыз экономика мен тәуекелді шектеуге негізделген модельге деген сенімнің артып отырғанын көрсетеді. Қазақстан үшін бұл – адамдарға этика мен экономикалық тиімділікті ұштастырған шынайы әрі ашық шешім ұсынудың мүмкіндігі, – деді ол.

Қазір Қазақстанда исламдық қаржы нарық үлесі 1%-ға да жетпейді. Сарапшылар мұның басты себептерін былай түсіндіреді:

халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі;

  • ақпараттың жеткіліксіздігі;
  • мифтер мен стереотиптер;
  • өнімдердің аздығы.

AAOIFI ұйымының шариғат кеңесшісі әрі аудиторы Әділбек Рысқұлов білім беру мен түсіндірудің жүйелі тәсілі маңызды екенін айтты.

Көп адам халал өнімдерді тұтынуға дайын, егер олар қарапайым әрі түсінікті болса. Сондықтан бұл бағытты дамыту үшін тек мамандар ғана емес, клиенттер де үйренуі қажет. AAOIFI және IFSB сияқты халықаралық стандарттар исламдық қаржыны ашық, әділ және заманауи етеді, – деді ол.

Мифтер мен шындық

“Исламдық несиелер тегін беріледі”

Бұл қате түсінік “пайызсыз несие” ұғымымен байланысты. Ислам банктерінде табыс пайыз арқылы емес, сауда үстемесі, жалдау ақысы немесе серіктестік табысы арқылы қалыптасады. Клиент те ақша пайдаланғаны үшін төлейді, бірақ келісім түрі басқаша.

“Исламдық қаржы дәстүрлі банктерден еш айырмашылығы жоқ”

Шын мәнінде айырмашылық көп. Дәстүрлі несие – бұл пайызбен берілетін қарыз шарты. Ал исламдық жүйеде мәмілелер нақты активтерге (тауар, жалға беру, серіктестік) негізделеді. Тәуекел мен жауапкершілік тең бөлінеді, бұл әділетті әрі ашық жүйе қалыптастырады.

“Исламдық қаржы тек мұсылмандарға арналған”

Шариғат ондай шектеу қоймайды. Бұл өнімдер дінге қарамастан баршаға қолжетімді. Мысалы, Ұлыбритания, АҚШ және Германияда ислам банктерінің клиенттерінің 70%-ы – мұсылман емес адамдар. Бұл модельдің әмбебап екенін дәлелдейді.

“Қарыздар кешіріледі”

Кешіктірілген төлемдерге айыппұл салынады, бірақ ол банктің табысына емес, қайырымдылыққа бағытталады. Дегенмен ислам банктері де коммерциялық ұйым болғандықтан, өз мүддесін қорғау үшін кепіл мен сот тәртібін қолданады.

“Ислам банкі әрқашан серіктес болады”

Иә, кей мәмілелер серіктестік (мушарака, мудараба) түрінде жүзеге асады. Бірақ көп жағдайда сауда және жалға беру келісімдері (мурабаха, иджара) пайдаланылады — себебі олар табысты болжауға және тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.

“Ислам қаржысы терроризммен байланысты”

Бұл ең қауіпті мифтердің бірі. Ислам банктері де дәстүрлі банктер сияқты мемлекет тарапынан қатаң бақыланады. Барлық операциялар ашық, ал банктер қаржы мониторингінен өтеді және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңдарды сақтайды.

“Кез келген пайыз — риба (өсім)”

Шариғат тек өсімқорлық жолмен алынған табысқа тыйым салады. Ал сауда, жалға беру немесе серіктестік негізінде алынған табыс заңды. Сондықтан пайыз бен риба — бір ұғым емес.

Шариғаттық басқару жүйесі

Исламдық қаржы институттары Шариғат нормаларын қатаң сақтауы тиіс. Бұл үшін арнайы басқару жүйесі бар:

  • Шариғаттық бақылау кеңесі (SSB) – өнімдер мен мәмілелерді бекітетін тәуелсіз орган;
  • Ішкі шариғат аудиті – банк қызметінің шариғатқа сәйкестігін тексереді;

Шариғаттық комплаенс департаменті – әр мәмілені нақты уақытта бақылайды.

Бұл жүйе ғалымдар мен сарапшылардың келісімінсіз бірде-бір өнімнің нарыққа шықпауын қамтамасыз етеді. Егер ереже бұзылса, мәміле жарамсыз деп танылып, табыс қайырымдылыққа жіберіледі.

Шариғат кеңесінің тәуелсіздігі мен ашықтығы — сенімнің кепілі. AAOIFI және IFSB стандарттары исламдық қаржы жүйесін әлемдік деңгеймен тең дәрежеге шығарады, – деді Әділбек Рысқұлов.

Халықаралық тәжірибе

  • Малайзия – исламдық банкинг жалпы қаржы секторының 30%-дан астамын құрайды;
  • БАӘ және Сауд Арабиясы – ислам өнімдері ұлттық банктердің стандартты бөлігі;
  • Ұлыбритания – 20-дан астам исламдық банк ұйымы жұмыс істейді, олардың көпшілігінің клиенттері мұсылман емес;
  • Германия мен АҚШ – исламдық қаржы зайырлы жүйе аясында сәтті дамып келеді.

Бұл мысалдар ислам банкингі — тар діни жүйе емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие толыққанды қаржы моделі екенін көрсетеді.

Исламдық қаржы — “тегін несие” немесе “тек мұсылмандарға арналған жүйе” емес. Бұл адалдыққа, ашықтыққа және тәуекелді әділ бөлуге негізделген заманауи құрал. Қазақстан үшін бұл бағыт қаржы нарығын әртараптандырумен қатар, әлемдік экономикалық үрдістерге қосылудың нақты мүмкіндігі болып табылады. (меншікті тілшінің шолу материалы)

Өзгелердің жаңалығы