«Іскер аймақ»: Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары жаңартылды

1 Қыркүйек 2026, 09:09
АВТОР
 istockphoto.com 1 Қыркүйек 2026, 09:09
1 Қыркүйек 2026, 09:09
96
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша субсидиялаудың жаңа ережелері күшіне енді. Бағдарламаны «Даму» КДҚ жүзеге асырады. Өзгерістер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 тамыздағы №729 қаулысымен бекітілді.

Не өзгерді?

Қолдау шараларына салалық шектеусіз әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары енгізілді. Олар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде көрсетілген қызмет түрлері бойынша бағдарламаға қатыса алады. Бұл ретте жобаны іске асыру орны мен кәсіпкердің тіркелген жері ескеріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидиялау мөлшері сыйақының номиналды мөлшерлемесінің 50%-ы, ал басқа кәсіпкерлер үшін 40%.

Өңір әкімдіктері Қазақстан Республикасының облыстары мен аудандары бойынша экономикалық қызметтің басым түрлері ретінде қосымша алты ЭҚЖЖ кодын айқындай алады.

Инвестициялық жобалардың отандық өнімге бағытталуы күшейтілді. Инвестициялық шығындарға коммерциялық жылжымайтын мүлік, техника және көлік құралдарын сатып алу, сондай-ақ бизнес нысандарын салу, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жатады. Бұл ретте инвестициялық жоба аясында жабдық, техника, көлік құралдары, құрылыс материалдары және басқа да активтер тиісті Тізілімге енгізілген қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс. Егер Тізілімде қажетті тауар болмаса, оны басқа өндірушілерден сатып алуға рұқсат етіледі.

Инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 24 айдан 18 айға дейін қысқартылды. Заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілген немесе күтпеген техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар туындаған жағдайда бұл мерзім алты айдан аспайтын уақытқа ұзартылуы мүмкін.

Жобалардың тиімділік критерийлерін бағалау тәртібі нақтыланды. Өзгерістер кіріс деңгейі мен еңбекақы төлеу қорының (ЕТҚ) көрсеткіштеріне қатысты. Енді кіріс пен ЕТҚ-тың нақты өсім деңгейінің жинақталған инфляция деңгейінен төмен ауытқуына 1 пайыздық тармақтан аспайтын шекте жол беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерге байланысты емес объективті жағдайлар туындаған кезде жоба іске асырылып, қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны расталған жағдайда, тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қосымша бір қаржы жылына дейінгі мерзім беріледі. Инфляция деңгейі, оның ішінде жинақталған инфляция туралы ақпарат ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланады.

Субсидия беру тетігі өзгертілді. Екінші деңгейдегі банктер мен лизингтік компаниялар (ЛК) арасында лимиттерді бөлу алынып тасталды. Енді кәсіпкер Қордың серіктес кез келген екінші деңгейдегі банкіне немесе лизингтік компаниясына жүгіне алады. Қаржыландыру мақұлданғаннан кейін жоба «Даму» қорына жолданады. Қор 5 жұмыс күні ішінде субсидия беру туралы шешім қабылдайды. Оң шешім қабылданған жағдайда «Даму» қоры, екінші деңгейдегі банк немесе лизингтік компания және кәсіпкер арасында субсидиялау туралы үшжақты шарт жасалады.

Сонымен қатар, Ережелерге кәсіпкерге Қордың субсидия беруден бас тарту туралы шешіміне ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік және (немесе) сот тәртібімен шағымдануға мүмкіндік беретін норма енгізілді.

Қаржылық емес қолдау шаралары аясында «Даму» қоры шағын және моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде мобильді фронт-офистер жобасын жүзеге асырып жатыр.
Мобильді фронт-офистер көшпелі консультациялық алаң ретінде жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлер мен бизнес бастағысы келетін азаматтар қолданыстағы қолдау құралдары туралы тегін ақпарат алып, сондай-ақ қаржыландыруға өтінімді сол жерде бере алады.

Бағдарламаның негізгі шарттары

· Қатысушылар – микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері, ауыл шаруашылығы кооперативтері және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері;
· Несие сомасы – 200 млн теңгеге дейін;
· Мақсаты – инвестицияларға және айналым қаражатын толықтыруға;
· Номиналды мөлшерлеме – ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 4%;
· Субсидия мөлшері – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы.

Бұл ретте кәсіпкер үшін сыйақы мөлшерлемесі кемінде 12,6% болады. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін – 50%;
· Субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін.

Қалай қатысуға болады?

Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер «Даму» қорының серіктес екінші деңгейдегі банкі немесе лизингтік компаниясына жүгініп, қаржыландыруға өтінім беруі қажет. Қаржыландыру мақұлданғаннан кейін жоба субсидия беру туралы шешім қабылдау үшін «Даму» қорына қарауға жіберіледі.

Кәсіпкерлер бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша кеңес алу үшін жоба іске асырылатын өңірдегі «Даму» қорының филиалына жүгіне алады. Қосымша ақпаратты Қордың ресми сайтынан алуға болады. Сондай-ақ 1408 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар.

Наверх