Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген

6 Қазан 2020, 11:07
1431
Бөлісу:
Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ал импорттың 95 пайызын теңіз және мұхит балықтары құрайды, деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгінгі Үкімет отырысы барысында.

Еліміздің балық өсіру әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сарапшылардың пікірі бойынша 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Қазақстанда барлығы 40 мыңнан астам су айдыны (өзендер, көлдер) бар. Оның ішінде шамамен үш мыңы балық шаруашылығына арналған су айдындарының тізіміне енгізілген. Олардың 49 пайызы бизнестің қарамағында, ал 51 пайызы әлі бекітілмеген. Бұдан басқа, 300 су қоймасы бар. Олардың негізгі бағыты - өсімдік өсіруге қажетті сумен қамтамасыз ету. Алайда, осы су айдындарында балықтың әлеуеті баршылық болғанымен, әлі ашылмаған, - деді министр.

Осыған орай ол әкімдіктерге балық өсіру әлеуетін ескере отырып, су айдындарын бизнестің қарамағына беру бойынша және балық өсіруге жаңа перспективалы су айдындарын анықтау үшін инвентаризация жұмыстарын жүргізуді сұрады.

Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтарымен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Ал импорттың 95 пайызын теңіз және мұхит балықтары құрайды. Бұған дейін айтып өткенімдей, бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсіру арқылы импортты алмастыруға болады. Мысалы, инвестициялық жобалардың есебінен 2024 жылы нарықты бекіре балықтарымен қамтамасыз ету 10,2 пайыздан 65 пайызға, ал албырт балықтары бойынша 6 пайыздан 86 пайызға жеткізу ескерілген. Келесі он жылдың ішінде қолдағы бар су айдындарының сыйымдылығын ескере отырып, экспорт көлемі арттырылатын болады. Балық өсірудегі бар әлеуетті қолдануды жеңілдету және тездету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асырудамыз. Біріншіден, Ғылыми-өндірістік орталықпен бірлесіп, балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледік. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді, - деді Мырзағалиев.

Министр баяндамасы барысында заңнаманы жетілдіру бағытына да тоқталды.

Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ, «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына өзгерістер әзірлеп, тиісті заң жобаларына енгіздік. Қазір түзетулер Президент Әкімшілігімен келісіліп жатыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы