Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігі синтетикалық есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерімен есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу мақсатында шекаралас мемлекеттердің есірткіге қарсы ведомстволарымен тығыз ынтымақтастық ұйымдастырылған.
Алматы, Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында жарты жыл бойы есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізілді. Шетелден синтетикалық есірткі ерітіндісі бар сәлемдемелерді алып отырған Қазақстанның бес азаматы анықталды.
Олар өндіріс процесінде сұйықтықты бу арқылы кептіріп, құрғақ өнім алып отырған, осылай синтетикалық есірткілерді аса ірі мөлшерде сату үшін бөліп дайындаған.
Департамент бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің түсіндіруінше, соңғы жылдары синтетикалық есірткілер мен оларды өндіруге арналған құрамдас бөліктерінің шекаралас мемлекеттерден жеткізілетіндігін ескере отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық басым бағыт ретінде айқындалды. Осылайша биылғы жылдың үш айында ғана қазақстандық полицейлер осындай өзара іс-қимыл шеңберінде шетелдің есірткіге қарсы құрылымдарынан ақпарат алғаннан кейін қылмыс жасау барысында 9 адамды ұстаған.
Заңсыз айналымнан сегіз келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Осы жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер органдары барлығы 695 есірткі қылмысын, оның ішінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтаудың 133 фактісі, контрабанданың 30 фактісі, притон ұстаудың бес фактісі анықталды.
Заңсыз айналымнан тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Оның ішінде 900 грамға жуық героин, 42 келіден астам синтетикалық есірткі. Нұр-Сұлтан қаласы және Атырау облысы аумағында есірткі сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында сегіз есірткі зертханасы жойылды.
Есірткілерді жарнамалау және насихаттау фактілері бойынша 33 және интернет арқылы өткізу фактілері бойынша 10 сотқа дейінгі өндіріс тіркелді. Есірткі тарату туралы ақпаратты қамтитын 565 веб-сайт, аккаунт және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды.