Ішкі істер министрі қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты

25 Мамыр 2020, 14:41
1864
Бөлісу:
Ішкі істер министрі қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиевтың және полиция сержанты Дастан Әбдіқановтың отбасыларына көңіл айтты. Және олардың отбасына толықтай материалдық көмек көрсетіліп, кішкентай балаларына барынша қолдау берілетінін жеткізді.

Қаза тапқан полицейлер екі айдан астам төтенше жағдайға байланысты ерекше режимде блок-бекетте жұмыс істеді. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласы патрульдік полиция полкінің инспекторы 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін адал атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше рет ведомстволық наградалармен марапатталған. Талайға үлгі болған марқұмның артында екі қызы мен жұбайы қалды, ол үшінші сәбиінің дүниеге келуін күтіп жүрген еді.

Полиция сержанты Дастан Әбдіқанов төрт жыл ішінде өзін жауапты, принципшіл және атқарушы қызметкер ретінде көрсете білді. Өткен жылы отбасын құрып, осыдан бір ай бұрын қызы дүниеге келген болатын.

Өкінішке орай, абыройлы қызметкер, қамқор әке, сүйікті жар болған атпалдай азаматтардың өмірі ажал тырнағына ілінді. Екі қызметкер де ең үздіктер қатарында болатын және Отанымыз үшін әлі де адал қызмет ететін еді. ІІМ-нің барлық жеке құрамы туған-туыстарының қайғысына ортақтасады. Біз үшін бұл орны толмас қаза.

Біз қызметкерлеріміздің өз өмірі мен денсаулығын бәйгеге тігіп, адал қызмет атқаратынын білеміз. Олар қарапайым азаматтардың қауіпсіздігі үшін күндіз-түні осындай қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Олардың ерлігі мен өз ісіне адалдығын ешқашан ұмытпаймыз. Туған-туыстары мен отбасына қайғырып, көңіл айтамын, - деп түйіндеді министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, мас жүргізуші бақылау-өткізу бекетін бұзып, екі полицейді мерт қылды.

Өзгелердің жаңалығы