Ішімдік ішіп рөлге отырғандарды жауапқа тарту керек – заңгер

8 Маусым 2022, 15:59
2997
Бөлісу:
Ішімдік ішіп рөлге отырғандарды жауапқа тарту керек – заңгер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мас күйінде көлік жүргізу тыйылмай тұр. Алматыда 78 адам жүргізуші куәлігмен өмір бойына қоштасты. Заңгер Кәмшат Есмұхамедқызы масаң күйде көлік жүргізуді әдетке айналдырғандарға қатысты жазаны қатаңдатып, тіптен қылмыстық жауапқа тарту қажет деп санайды.

Оның айтуынша, масаң күйде көлік жүргізіп ұсталғандарға үлкен көлемде айыппұл салу қажет деп санайды.

Президенттің жарлығымен мас күйінде көлік жүргізіп, соның салдарынан жол апатынан адам өлімі орын алса жүргізуші 5 жылдан 10 жылға дейін сотталатын болды. Егер адамның ішімдік ішіп көлік жүргізгені медициналық сараптамамен анықталып жатса және ол айналасына ешқандай зиян тигізбеген болса ондай жағдай көп көлемде айыппұл салған дұрыс. Ал, егер ол екінші мәрте ішіп алып көлік жүргізсе немесе қоғамға қандайда бір зиянын тигізсе онда қатаң шара қабылдап, тіптен қылмыстық жауапқа тарту керек,-дейді заңгер.

ПД анықтау басқармасының мәліметінше, бір жарым жыл ішінде бөлімше ҚР ҚК-нің 346-бабы 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыс белгілері бойынша 66 қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдаған.

Сот шешімімен 78 жүргізуші өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды.  Сонымен қатар, оларға 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің нақты мерзімі тағайындалды.  Қазіргі таңда 8 қылмыстық іс сот тергеуінде, - деді, Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.

Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың бірі А.есімді азамат, ол Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында мамандандырылған патрульдік полиция батальонының экипажымен ұсталыпты. Наркологиялық сараптама көрсеткендей, жүргізуші орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.

Алғаш рет көлік жүргізу құқығымнан 2017 жылы айырылдым, рөлге мас күйде отырдым.  Жаза мерзімі біткен жоқ, 2020 жылы тағы да мас күйінде ұсталдым.  Сол кезде мен ҚР ҚК-нің 346 бабы 1 бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылдым және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылдым.  Бірақ өткен күні мені тағы да тоқтатты, мен досыммен ішіп, үйге қайтып келе жаттым.  Бұл ісіме қатты өкінемін, - деп түсіндірді А.есімді азамат.

Заңгер К. Есмұхамедқызы көлік жүргізуге рұқсаты болмаса да ішімдік ішіп көлік жүргізетіндерді қылмыстық жауапқа тарту керек деген ойда.

Мәселен, ішімдік ішіп бірнеше рет ұсталған әрі рұқсаты болмаса да қауіпті құралды басқарған адамдарға қатысты жазаны күшейту керек. Олар адам өміріне, жалпы қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан ондайды қылмыстық іс-әрекетке жатқызу қажет,-дейді заңгер.

 

Өзгелердің жаңалығы