Ирландияда мыңдаған фермер Еуропалық Одақтың Mercosur елдерімен еркін сауда туралы келісіміне қарсы наразылық білдірді. 10 қаңтарда фермерлер тракторларымен Атлон қаласына жиналып, ЕО билігін келісімге қол қоюдан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Наразылық кезінде тракторларға «Mercosur-ға жол жоқ», «Ирландиялық фермерлерді қорғаңыз», «Неміс көліктері үшін отбасылық фермаларды құрбан етпеңіз» деген жазулар ілінді.
Еске салайық, 9 қаңтарда Брюссельде өткен дауыс беру барысында ЕО-ға мүше елдердің білікті көпшілігі Бразилия, Аргентина, Уругвай және Парагвайды біріктіретін Mercosur одағымен еркін сауда келісімін қолдады. Құжатқа 17 қаңтарда Парагвайда қол қою жоспарланып отыр. Алайда келісімді Еуропарламент әлі мақұлдаған жоқ.
Ирландия мен Франция келісімге қарсы дауыс берді. Ирландиялық фермерлер Оңтүстік Америкадан Еуроодаққа жылына 99 мың тоннаға дейін арзан сиыр етінің әкелінуі жергілікті шаруашылықтарға ауыр соққы болатынын айтып отыр.
Ирландия фермерлері қауымдастығының (IFA) басшысы Франси Горман ирландиялық еуродепутаттарды ауыл шаруашылығы мүддесін қорғап, келісімді қабылдамауға шақырды.
Еурокомиссияның мәліметінше, келісім ЕО экспортын 39%-ға арттырып, жылына шамамен 4 млрд еуро көлеміндегі кедендік баждарды жоюға мүмкіндік береді. Дегенмен ЕО-ның бірқатар елдерінде фермерлер арзан ауыл шаруашылығы өнімдерінің келуі ішкі нарыққа қауіп төндіреді деп алаңдаулы. Осыған ұқсас наразылықтар бұған дейін Польша, Франция және Бельгияда да өткен.