Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір фермерлеріне шаруа қожалықтарындағы мүйізді ірі қара мен жылқы малына жарық шағылыстыратын ен салу үшін барлығы 600 баллон арнайы бояу тегін таратылады, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл бастама жолдағы апатты жағдайлардың азаюына септеседі деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді Махамбет және Индер ауданының екі шаруа қожалығы алды. Онда 150 бастай жылқы мен 80 басқа жуық мүйізді ірі қара бар.
ПД ЖПҚБ аға инспекторы Бауыржан Сарсекеновтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізуші жол бойына кенет атып шыққан жануарды дер кезінде байқай алмайтын түнгі уақытта орын алады.
Бұл іс-шараның мақсаты – ірі малы бар шаруа қожалықтарын жарық шағылыстырғыш элементтермен мейлінше көптеп қамтамасыз ету. Барлығы тегін таратылып жатыр. Қажеттінің бәрін жергілікті мұнай компаниясының бірі сатып алып берді, - деді Бауыржан Сарсекенов.
Жыл соңына дейін жарық шағылыстырғыш таспамен және бояумен тағы төрт шаруа қожалықты қамту жоспарланып отыр. Аталған іс-шара 2020 жылы да жалғасын табатын болады.