Ирантанушы Жәнібек Көпжасар қазіргі әлемдегі ахуалды таразыға салып, Иран режимінің құлауы Қазақстанға қалай әсер ететіні жайлы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл біздің еліміз үшін үлкен мүмкіндік.
Біріншіден, санкция алынады. Қазақстанға әлемдік нарыққа шығатын ең арзан, ең қысқа жол ашылады. Біз өз тауарларымызды, әсіресе бидай, арпа, жүгері, ет т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін 90 млн халқы бар Иранға ғана емес, 2 млрд халқы бар Пәкістан, Үндістан, Араб елдері мен Африкаға шығара аламыз. Импорттық тауарларды арзан бағаға сатып ала аламыз, - дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы мұнайымызды сыртқа шығаратын балама жол ашылатынын айтады. Ал ең бастысы өзге елдерге ықпалы туралы айтты.
Ең негізгісі Ресей Иран мен Таяу Шығыстағы бүкіл ықпалынан айрылады. Сондай-ақ, Еуропа орыс мұнай-газынан толық бас тартып, Иранның мұнайы мен газын сатып алады. Ресей әлсірейді. Ал Қытай осы күнге дейін арзанға сатып алып отырған мұнайдан қағылады, сөйтіп геосаясатқа араласудан бұрын, ішкі мәселелерімен айналысып кетеді, - дейді ол.
Иран президенті Масуд Пезешкиан ирандық телеарналар арқылы мәлімдеме жасағанын жазды. Ол “Уақытша Басшылық кеңесі бүгіннен бастап өз жұмысын бастады. АҚШ пен Израиль мынаны білуі тиіс: бұл әрекеттер оларға масқарадан басқа ештеңе әкелмейді. Израиль мен АҚШ қолынан “Жоғарғы көшбасшының шәһид болуы” еліміз үшін үлкен қайғы-қасірет болды. Халық мешіттер мен көшелерге шығып, дұшпанның жоспарларын жүзеге асырмайды" деп жазған.