- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ирандағы жағдай Орталық Азияға жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін – сарапшы
Ирандағы жағдай Орталық Азияға жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін – сарапшы
Экономист Орталық Азия үшін жаңа мүмкіндіктер туралы айтты.
Бүгiн 2026, 14:28
Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар тек аймақтық қауіпсіздікке ғана емес, Орталық Азияның экономикалық болашағына да әсер етуі мүмкін. Экономист Алмас Чукиннің пікірінше, Ирандағы жағдай география, сауда бағыттары және соғыс жүргізу логикасы тұрғысынан жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
40 күндік аза және өзгерістер қарсаңы
Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Хаменеиге байланысты 40 күндік аза жарияланғаны ел ішіндегі саяси өзгерістер ықтималдығын күшейтті.
Алмас Чукин Иранның маңызын ұзақ уақыттан бері атап айтып жүргенін жеткізді.
Тоқсаныншы жылдардың соңынан бері Орталық Азия үшін географиялық тұрғыдан ең маңызды ел – Иран екенін айтып келемін, - дейді экономист.
Оның айтуынша, көпшілік Иранның рөлін Ресей немесе Қытаймен салыстырып бағалайды, алайда мәселе саясатта емес, географияда.
Иран – теңізге шығатын батыс дәлізі
Сарапшы Орталық Азия елдерінің негізгі мәселесі – теңізге тікелей шығатын жолдың жоқтығы екенін еске салды.
Техникалық тұрғыдан алғанда, Иран – біздің Батысқа қарай теңізге шығатын тереземіз, - деді Алмас Чукин.
Оның есептеуінше, Түрікменстан мен Иран теміржолдарының түйіскен жерінен Парсы шығанағына дейінгі арақашықтық небәрі 1200-1500 шақырым, бұл Астана мен Алматы арасындағы жолмен шамалас.
Саясаттанушының айтуынша, осы бағыт арқылы ірі порттарға шығып, мұнай мен астықты әлемдік нарыққа жеткізу әлдеқайда жеңіл болар еді.
Сонда мұнайды Ресей арқылы Новороссийскіге тасып, Қара теңіз бен Босфор арқылы өткізу машақатын ұмытуға болады, - деді ол.
Ал теңіз арқылы Еуропаға жету шамамен 3-4 апта уақыт алады.
Санкциялар алына ма?
Алмас Чукин Иранда Батысқа қарсы емес жаңа саяси бағыт қалыптасса, санкциялар алынуы мүмкін екенін айтты.
Оның пікірінше, Иранның әлеуеті Орталық Азия үшін жаңа экономикалық кеңістік ашады.
Географиядан қысылған аймақ бір сәтте әлемдік нарықтарға тікелей шыға алады. Бұл – мүлде басқа экономикалық шындық, - дейді сарапшы.
Ол мұндай өзгеріс инвестициялар мен экономикалық өсім мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтетінін атап өтті.
Көне өркениеттік дәліздің қайта жандануы
Сарапшы тарихи тұрғыдан да бұл бағыттың маңызын ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, өркениет Ніл аңғарынан басталып, Месопотамия арқылы Трансоксанияға тараған.
Бұл дәліз пирамидалардан да мыңдаған жыл бұрын қалыптасқан, - деді Чукин.
Алайда Алмас Чукин қазіргі соғысқа саяси немесе құқықтық баға бермейтінін айтты.
Мен болып жатқан жағдайға экономист ретінде қараймын: яғни нәтиже, шығын және тәуекел тұрғысынан, - дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі қақтығыс соғыс жүргізудің жаңа тәсілін көрсетті.
Соғыстың жаңа логикасы: басшылықты нысанаға алу
Сарапшының пікірінше, соңғы оқиғалар соғыстың дәстүрлі қағидаларын өзгертті.
Бұрын егемен билеуші екінші билеушіге тікелей қол сұқпайтын деген үнсіз келісім болған, - деді ол.
Алайда қазіргі жағдайда соғыс алғашқы минуттарда-ақ басқарушы элитаны жоюдан басталуы мүмкін екені байқалды.
Алмас Чукин мұндай тәсіл орталықтандырылған басқару жүйелері үшін аса қауіпті екенін айтты.
Бүкіл билік бір адамның қолында болса, сол тірек алынғанда жүйе ыдырай бастайды, - деді экономист.
Венесуэла мысалы және жаңа саяси тәсіл
Сарапшы әлемде билік ауысуының жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын да атап өтті.
Ол Венесуэладағы жағдайды мысалға келтіріп, санкциялар жұмсарып, халықаралық ынтымақтастық қайта жандана бастағанын айтты.
Демек, бұлай да жасауға болады, - дейді Чукин.
Соғыстың мақсаты да өзгерді
Алмас Чукиннің айтуынша, қазіргі заманда территорияны басып алудың экономикалық мәні азайған.
Жоғары технологиялы елді жаулап алу пайда әкелмейді: тек қиратылған инфрақұрылым аласыз, - деді ол.
Сонымен қатар "режим ауыстыру" саясатының да тиімсіздігі байқалғанын айтты.
Сарапшының пікірінше, қазіргі прагматикалық тәсіл – сырттан жаңа билік орнату емес, жүйеге өз болашағын өзі анықтауға мүмкіндік беру.
Алмас Чукиннің пайымдауынша, Ирандағы жағдай тек аймақтық қақтығыс емес, әлемдік саяси-экономикалық жүйедегі өзгерістердің белгісі болуы мүмкін.
Бұл – әлемдік саяси экономиканың жаңа кезеңі. Қызық уақыттар басталып келеді, - деп түйіндеді ол.
Егер геосаяси жағдай өзгерсе, Орталық Азия ондаған жыл бойы шешілмей келген географиялық шектеулерден шығып, жаңа экономикалық кеңістікке қадам басуы ықтимал.
Ең оқылған:
- Иран Али Хаменеидің қазасын ресми түрде растады
- Трамп Иранмен келіссөз жүргізу мүмкіндігі артқанын мәлімдеді
- Қытай Иранға жасалған соққылар мен Әли Хаменейдің қазасына қатысты қатаң мәлімдеме жасады
- Наурыз айында елімізде ауа райы қандай болады?
- АҚШ-Иран қақтығысының жаңа кезеңі: Иранға қарсы операцияда жасанды интеллект қолданылды ма?