Иранда экономикалық қиындықтарға байланысты басталған наразылық акциялары салдарынан қаза тапқандар саны 5137 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ-та орналасқан Адам құқықтарын қорғау жөніндегі жаңалықтар агенттігінің (Human Rights Activist News Agency, HRANA) хабарлауынша, елдің көптеген өңірін қамтыған наразылық шаралары кезінде 27 797 адам ұсталған. Сонымен қатар 5 137 адам қаза болған, олардың ішінде 208-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
Осыған дейін HRANA наразылық акциялары барысында 5002 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді.
Ирандағы наразылықтар
Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсанда Тегерандағы басты базарда ұлттық валюта бағамының күрт құлдырауы мен экономикалық мәселелер аясында басталды. Кейін акциялар елдің көптеген қаласына тарады.
8 қаңтарда Тегерандағы наразылықтар кезінде жағдай шиеленіскеннен кейін Иран үкіметі интернетке қолжетімділікті бұғаттады.
Иранның Шахидтер мен ардагерлер қоры жанындағы Сот-медициналық басқармасының 23 қаңтарда жасаған мәлімдемесіне сәйкес, наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарды қоса алғанда 3 117 адам қаза тапқан.
Нақтыланған мәліметке сай, олардың 2 427-сі – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар. Олар «қарулы террористік топтар» тарапынан өлтірілгені айтылған.
Ирандағы наразылықтар басылғанымен, штаб-пәтері АҚШ-тың Вирджиния штатында орналасқан HRANA қаза тапқандар мен ұсталғандар жөніндегі деректерін жаңартып отыруды жалғастырып, жаңа жағдайлардың расталып жатқанын мәлімдеп отыр.