Иранда экономикалық қиындықтар мен ұлттық валютаның құнсыздануына қарсы өткен жаппай наразылықтар барысында бірнеше адам қаза тауып, ондағаны жарақат алды. Бұл туралы жергілікті БАҚ пен құқық қорғау ұйымдары мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Fars агенттігінің мәліметінше, елдің батысындағы Лорестан провинциясында полиция бөлімшесіне жасалған шабуыл кезінде үш наразылық білдіруші қаза тауып, 17 адам жараланған. Куәгерлер тәртіпсіздіктер кезінде полиция көліктері өртеліп, қауіпсіздік күштерімен қақтығыстар болғанын айтады.
Сонымен қатар, құқық қорғау ұйымдары Шармахал мен Бахтияри, Исфахан және Кухдашт аймақтарында да адам өлімі тіркелгенін хабарлады. Кейбір деректерге сәйкес, қаза тапқандардың арасында қауіпсіздік құрылымдарының өкілдері де бар.
Наразылықтар бірнеше күн бұрын кәсіпкерлер мен дүкен иелерінің валюта бағамының күрт төмендеуі мен бағаның өсуіне наразылығынан басталған. Демонстрациялар барысында ірі базарлар жабылып, бірқатар қалаларда тәртіпсіздіктер орын алды.
Иран билігі жағдайды тұрақтандыру үшін қауіпсіздік шараларын күшейтумен қатар, кәсіподақтар мен сауда өкілдерімен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда сарапшылар елдегі экономикалық ахуал мен санкциялардың әсері наразылықтың жалғасуына себеп болуы мүмкін екенін айтады.
Айта кетейік, 2025 жылы иран риалы долларға шаққанда құнының жартысына жуығын жоғалтқан, ал ресми инфляция деңгейі 40 пайыздан асқан.