Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Иранда жаппай наразылықтар жалғасып жатыр

Кеше, 20:17
262
Бөлісу:
 haqqin.az
Фото: haqqin.az

Ирандағы көшедегі наразылықтар экономикалық қиындықтар аясында барған сайын ушығып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ,

Соңғы күндері Иранда жалғасып жатқан жаппай наразылық акциялары елдің бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Илам, Лурестан, Керманшах провинцияларында, сондай-ақ Тегеран, Мешхед және басқа да ірі қалаларда тіркелді. БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарының деректеріне сүйенсек, наразылықтар елдің 31 провинциясының кемінде 27-сін қамтып, он күннен астам уақыт бойы жалғасып жатыр.

AlJazeera мәліметінше, наразылықтардың негізгі ошақтарының бірі — Илам провинциясы. Мұнда сейсенбі кешінде Абданан қаласында және Малекшахи ауданында жаппай акциялар өтті. Құқық қорғау күштерінің атыс қаруы мен көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Иранның ресми БАҚ-тары кемінде үш адамның қаза тапқанын, сондай-ақ Малекшахи ауданындағы қақтығыстар кезінде бір полиция қызметкерінің көз жұмғанын растады. Ал шетелдік құқық қорғау ұйымдары қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады, алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталмаған.

Илам қаласындағы Имам Хомейни атындағы ауруханаға қауіпсіздік күштерінің рейд жасағаны туралы ақпараттар да кең резонанс тудырды. Бұған дейін бұл медициналық мекемеге наразылық кезінде жараланғандар жеткізілген еді. 

Amnesty International құқық қорғау күштерінің аурухана ішінде көзден жас ағызатын газ қолданып, адамдарды ұрғанын халықаралық құқықты бұзу деп бағалады. Иран билігі бұл оқиғаның болғанын растады және тексеру басталғанын хабарлады.

Тегеранда да наразылықтар ірі сауда аймақтарын қамтыды. Атап айтқанда, Үлкен базар аумағында кәсіпкерлер мен саудагерлер дүкендерін жауып, құқық қорғау органдарымен қақтығысқа түсті.

Еске салайық, бұған дейін ирантанушы Жәнібек Көпжасар Ирандағы қақтығысқа АҚШ араласса не болатынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы