Иранда үкіметке қарсы жаңа наразылықтар тұтанды

Студенттер елдің бірнеше университетінің кампусы аймағында билікті қолдайтын топтармен қақтығысқан.

 x.com 22 Ақпан 2026, 11:47
22 Ақпан 2026, 11:47
743
Фото: x.com

Иранда үкіметке қарсы жаңа наразылықтар басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ британдық Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, жаңа оқу семестрінің алғашқы күні Иранның бірнеше университетінің студенттері кампус аумағында билікті қолдайтын топтармен қақтығысқан.

Наразылықтарға Тегеранның орталық және батыс бөлігінде орналасқан беделді Амир Кабир атындағы және Шариф атындағы технологиялық университеттердің студенттері қатысқан. Сенбі, 21 ақпанда, студенттер кампус аумағына жиналып, Иран билігіне және елдің жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменейге қарсы ұрандар айтқан.

Наразылықтар АҚШ-пен қарым-қатынастың шиеленісуі аясында өтіп жатыр, - делінген жарияланымда.

Ирандағы наразылықтар 2025 жылдың желтоқсан айының соңында ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты басталған, кейін жаппай тәртіпсіздікке және билікке қарсы акцияларға ұласқан. Елде интернет жұмысын тоқтатқан, күштік құрылымдар тарапынан да, толқуға қатысушылар тарапынан да қаза тапқандар бар екені хабарланған. Кейбір деректерге сәйкес, наразылықтар кезінде екі мыңға жуық адам қаза болған.

АҚШ пен Израильді тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыптаған Иран билігі 12 қаңтарда жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.

Наверх