Иранның Илам провинциясында наразылық акциясына қатысушылар супермаркеттердің бірін тонап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Mehr агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік дерегінше, наразылық білдірушілер дүкендегі тауарларды сыртқа лақтырып, содан кейін аймақта қауіпсіздік күштері мен тәртіпсіздікке қатысушылар арасында қарулы қақтығыс болған.
Хабарламаға сәйкес, атыс кезінде полицияның аға лейтенанты Эхсан Ағаджани қаза тапқан. Тағы үш құқық қорғау органы қызметкері әртүрлі деңгейде жарақат алған.
Еске сала кетейік, Иранда бірнеше күннен бері соңғы үш жылдағы ең ауқымды наразылықтар жалғасып жатыр. Акциялар инфляцияның күрт өсуі мен ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты рекордтық деңгейде құнсыздануы аясында өтуде.
Елдің бірқатар провинцияларында жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.