Иран билігі елді жаһандық интернеттен түбегейлі ажыратуды жоспарлап отыр. Жаңа тәртіпке сай, желіге тек режимнің тексеруінен өткен адамдарға ғана қосылуға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ислам Республикасы бұған дейінгі жаппай интернет цензурасына негізделген моделінен бас тартып, әлдеқайда қатаң әрі тұйық стратегияға — «абсолютті цифрлық оқшаулауға» көшуге бет алған. Бұл туралы Filterwatch ұйымының есебінде айтылған.
Белсенділердің жазуынша, мемлекеттік БАҚ пен үкімет өкілдері бұл өзгерістің уақытша емес екенін аңғартқан. Олардың ескертуінше, 2026 жылдан кейін шектеусіз интернетке қолжетімділік қайта берілмейді.
Расталмаған жоспарға сәйкес, құпия ақпаратқа қол жеткізуге рұқсаты бар немесе үкіметтік тексеруден өткен ирандықтар ғана жаһандық интернеттің сүзгіден өткен нұсқасына қосыла алады. Ал қалған азаматтарға тек ұлттық интернет — сыртқы әлемнен оқшауланған, ішкі параллель желі ғана қолжетімді болады. Бұл туралы Filterwatch ұйымының жетекшісі Амир Рашиди мәлімдеді.
Айта кетейік, Иранда интернеттің өшірілуі 8 қаңтарда басталған. Бұл үдеріс үкіметке қарсы наразылықтардың 12 күнге созылған ушығуынан кейін орын алған.